Таласта интернет жылдамдығы жақсарады

0 18

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов, облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқарбеков, сонымен қатар өңірдегі байланыс операторларының өкілдері ауданға келіп, байланыс мәселесі бойынша кеңес өткізді. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серімов және ауылдық округ әкімдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Жасыратыны жоқ аудандағы кейбір елді мекендерде интернет және ұялы байланыс сапасы төмен. Бұл туралы тұрғындар тарапынан да жиі айтылып келеді. Мәселен өткен жылы Талапты, Тамабек, Қараой және Тамды ауылдарының тұрғындарынан ұялы байланыс операторларының интернет жылдамдығының сапасына қатысты бірқатар шағым түскен болатын. Жиын барысында бұл мәселе кеңінен сөз болды.

Бұған дейін Тамабек ауылына «Activ» операторының антеннасы, Тамды ауылына «Beeline» антеннасы орнатылып, интернет сапасы біршама жақсарған еді. Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов биыл «Кар-Тел» ЖШС-і «Beeline» желісін орнату және дамыту арқылы Қаратау қаласы мен С.Шәкіров ауылын 4G мобилді интернетпен қамтуды, «Kcell» АҚ-ы Арал және Қайыр елді мекендеріне қосымша жаңа базалық станса салуды, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-ы оптикалық арналардың көмегімен 9 ауылдық округті 4G мобилді интернетімен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек үстіміздегі жылы «Қазақтелеком» АҚ-ы оптикалық арналар арқылы Қожағаппар ауылына жаңа базалық станса салуды және Сейілбек ауылының базалық стансасын жаңғыртуды көздеп отыр.