Құлан өңірінде қызу еңбек

0 32

Облысымыздағы ауылшаруашылығы саласы дамыған іргелі өңірлердің бірі — Т.Рысқұлов ауданы. Жалпы облысымызда ауылшаруашылығы дақылдары 760 мың гектарға орналастырылатын болса, оның ішінде 134 мың 131 гектары Т.Рысқұлов ауданына тиесілі. Жақында облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы тілшілер үшін аталған ауданға баспасөз турын ұйымдастырды.

Тілшілер қауымын қарсы алып, шаруашылықтарды аралатқан Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевтың айтуынша, ауданда биыл 55200 гектарға күздік бидай себіліп, 67810 гектар сүдігер көтеріліпті. Сондай-ақ 57230 гектарға жаздық арпа, 1950 гектарға жаздық бидай, 9200 гектарға мақсары, 53 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақылдар, 2,6 мың гектарға көпжылдық шөп, 341 гектарға көкөніс, 14,3 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілген. Қант қызылшасы алқабының көлемі 55 гектар болса, бақша – 33, дәндік жүгері – 190, картоп – 215 гектар.

Баспасөз туры Тереңөзек ауылдық округіндегі «Жамбыл БТТ» шаруа қожалығының егіс алқабынан басталды. Іргесі 2000 жылы қаланған шаруашылық бүгінде мал және егін шаруашылығын қатар меңгеріп отыр. Бағымындағы мал саны – 1100 уақ мал, 165 жылқы, 185 мүйізді ірі қара. Алдағы уақытта 50 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салмақшы.

Шаруашылық биыл өзіне тиесілі 3300 гектар жердің 1100 гектарына егістік еккен, оның ішінде 350 гектары арпа, 300 гектары бидай, 121 гектары пияз, 23 гектары жоңышқа. Қалғаны сүдігер және жайылым көрінеді.

Шаруа қожалығының төрағасы Темірбек Байқұлиев қырғыз-түрік пиязын будандастыру арқылы алынған «Манас» тұқымын көршілес қырғыз елінен жеткізіпті. Пиязды биыл бірінші мәрте егіп отырғандықтан күтімін жасау және тәжірибе алмасу мақсатында Қордай ауданынан дүнген ұлтының екі отбасын көшіріп әкеліпті.

– Пияз егілген 121 гектар алқапты су үнемдеу технологиясы арқылы суғарудамыз. Тамшылатып суару технологиясы үшін тіршілік нәрін КСРО дәуірінен қалған артезиан құдықтардан алып жатырмыз. Иелігімдегі тоғыз ұңғыманың жетеуін биыл тазаладық. Олардың алтауының суын пияз алқабына, біреуін жоңышқа алқабына пайдаланып жатырмыз. Жоңышқа алқабына жаңбырлатып суару технологиясы қолданылуда. Құрылғы канадалық «Vello» фирмасының өнімі. Ұңғыманы тазалау, электр желісін тарту, су сорғы сатып алу, алқапқа суландыру жүйесін жүргізу секілді шаруаларға 58 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мемлекет оның 80 пайызын субсидия ретінде қайтарып береді. Егіс алқаптарына науқан уақытында жұмылдыратын техника мен соқа-сайманым жеткілікті, — дейді қожалық төрағасы.

Қожалық күзге салым түсімнің бір бөлігін еліміздің өзге қалаларына апарып өткеріп, қалғанын қоймада сақтап қоймақ. Ол үшін Тараз қаласында сыйымдылығы 2000 тонналық көкөніс сақтау қоймасын бірнеше жылға жалға алыпты.

Іргелі шаруашылық шопан, механизатор секілді мамандарды қосқанда 14 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, негізінен 10 отбасы ырзығын осы шаруашылық арқасында айыруда. Ал егінді ору, жинау секілді қандай да бір науқан уақытында жұмысшы саны 100-ден асып жығылады екен.

Бұдан бөлек, бұл шаруашылықтың иелігінде аумағы 24 гектарды алып жатқан «Қарасу» су қоймасы бар екен. Оған бұлақ суы жиналатын көрінеді.  Кезінде осы су қоймасы арқылы Байзақ ауданының шекарасына дейінгі қызылша алқаптары суарылған екен. Әлдеқашан тозығы жетіп, бөгеті бұзылып, екі бірдей шлюзі су ұстамайтын болғандықтан, мұнда су тұрақтамай, құмға барып сіңіп кетіп жатқан көрінеді. Темірбек Төлепбергенұлы қойманың табанын тазарту, шлюздерді ауыстыру, бөгетті 1,5 метрге биіктету секілді жұмыстар үшін 90 миллион теңге қаржы керек екенін айтты. Осы су қоймасы іске жараса маңайдағы 15 шаруа қожалығына тиесілі мың гектар алқапты ала жаздай суландыруға болады екен. Шаруа бұл ойын жүзеге асыруға әзірге қаржы қолбайлау болып тұрғанын, мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие берілсе тірлікті тындыруда тартынбайтынын аңғартты.

Бұдан кейін Көкдөнен ауылдық округіндегі «Бақдаулет» шаруа қожалығының егіс алқабына барғанымызда жұмысшылар 20 гектар алқапқа қант қызылшасын сеуіп жатты. Қожалық 2020 жылы украиналық екі «Беларус-80» тракторын дән сепкіш, тырма, тіркеме секілді асай-мүсейімен 34 миллион теңгеге лизингке сатып алған екен. Қожалық иесі қазір соның ретін көріп отырғанын жеткізді.

Бір байқағанымыз — ауданда ауыл тұрғындары да қарап отырған жоқ. Мәселен Көкдөнен ауылының тұрғыны Талғат Қарақыстақбаев 48 сотық үй ауласының 20 сотығына бұрнағы жылы алманың «Гала», «Красный лед» атты күзгі және жазғы сұрпын егіпті. Былтыр жарты тонна өнім алған.

Бірінші өнім болғандықтан аз болуы заңдылық. Түсімнің жартысын өзіміз пайдаландық. Қалғанын келісін 250 теңгеден базарға өткердік. Негізінде алма ағашының бір түбі 30 келі жеміс береді. Биыл мұндағы мың түптен 30 тонна өнім аламыз деген ойым бар. Көшетті Тараз қаласынан сатып әкелгенмін. Қолдан 100 тонна суға есептелген бассейн қазып, тамшылатып суару технологиясын қолданып отырмын. Су сорғы секілді құрылғыны базардан сатып алып, суландыру жүйесін интернеттен көру арқылы қарапайым жолмен жасап шықтым. Шығын 5 миллион теңгені құрады. Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі мамандары 5 гектар жер алып, алма өсірумен айналысуды ұсынып отыр. Сол кезде оның әр гектарына 3,5 миллион теңге субсидия төленеді екен. Енді осы істі жүзеге асырмақшымын, – деді Талғат Ташкентбайұлы.

Сондай-ақ Құлан ауылында Арман Азаматұлы есігінің алдындағы он сотық жерге құлпынай егіп, пайда тауып отырса, «Ахметжанов» жеке кәсіпкерлігі мемлекеттен 85 миллион теңге субсидия алып, ауыл сыртындағы бес гектар жерге құлпынай, бір гектарға таңқурай жемісін егіпті.