Қазақ тілін жаңғыртудың басым бағыты

0 18

Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп белгіленген. Сондай-ақ 93-бабында «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деп көрсетілген.

Конституцияның бұл ережелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылдың 31-желтоқсанындағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге және іске асырылуына басты негіз болып табылады. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Конституциясына,   «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына,  Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050″ Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2-қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді.

 Бағдарламаның «Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту» атты бірінші және «Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту» атты үшінші бағыттарын іске асыруға Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Тілдік жаңғыру» деген 6.7 және «Әлемдегі үздік білімге қол жеткізу бастамасы» деген 6.8-тармақтарында көрсетілген міндеттер негіз болып табылады. Стратегиялық даму жоспарының осы міндеттерінде шет тілдерін, әсіресе ағылшын тілін үйрету мүмкіндіктерімен халықты барынша мол қамту қамтамасыз етіледі. Білім берудің барлық деңгейлерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша үштілділікті енгізу жалғасады. Бағдарлама шеңберінде қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жүзеге асырылады.

Осы бастаманың шеңберінде әлемдік үздік тәжірибенің оң элементтерінің қолданыстағы мәдени-білім беру модельдерімен және стандарттарымен синтезделуін қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша үздік кітаптар қазақ тіліне аударылатын болады.

Бағдарламада Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2-қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру көзделген. Онда Мемлекет басшысы нақты шаралар негізінде еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасау және қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Бағдарламада Қазақстан аумағындағы терең тарихи, мәдени және психологиялық базасы бар мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде толыққанды қолданылуына қажетті шаралар көзделген. Сондай-ақ Бағдарлама этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға, оның ішінде ел азаматтарының лингвистикалық капиталын ұлғайтуға қолайлы жағдай жасауға негіз болып табылады.

Бағдарлама тілдің ағымдағы ахуалы, сондай-ақ тіл, тіл құрылысы және тіл саясаты мәселелерімен айналысатын сарапшылар қауымдастығының пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді. Бағдарламаны әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері мұқият талданды, мемлекеттік тіл саясатын құқықтық реттеу саласындағы 20-дан астам шет елдердің тәжірибесі зерделенді.

Бағдарлама қазақ тілін жаңғыртудың басым бағыты болып табылады. Бағдарламаның негізгі мақсаттары мемлекеттік тілдің нормативтік базасын күшейту жөніндегі шараларды іске асыру және оны аспаптық әдістермен (ынталандыру, көтермелеу және басқалары) жетілдіру, ғылым және білім, экономика, қаржы және басқару, сот ісін жүргізу және заңнама, сондай-ақ БАҚ пен интернет кеңістігі саласында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту; қазақ тілінің грамматикалық, лексика-фразеологиялық, оның ішінде терминологиялық және ономастикалық ресурстарын зерттеу, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, интернет-ресурстар, онлайн оқулықтар, ортологиялық және басқа да құралдар арқылы жаңа ғылыми-лингвистикалық білімді дәріптеу жөніндегі шараларды қолдау;  халықаралық коммуникациялық алаңдарда қазақ тілін қолдануды өрістету және оны шетелде оқыту бойынша жұмыстарды іске асыру; отандық және халықаралық коммуникация алаңдарында қазақ тілінің латын графикалы кеңістігін қалыптастыру, ұйымдастыру, реттеу және дамыту жөніндегі шараларды іске асыру; Қазақстан аумағында қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі мәртебесін нығайтуға, қолданысын кеңейтуге арналған шаралар кешенін жүзеге асыру; Қазақстан мәдениетінің тілдік алуан түрлілігін қалыптастыратын этностардың тілдерін сақтау үшін жағдай жасау салаларын дамыту болып табылады.