Қордайлық еңбек жасақтары жұмысқа кірісті
Қордай аудандық мәдениет үйінде «Жасыл ел» еңбек жасағы маусымының ашылуына арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, Қордай ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Ә.Сейілханов, «Қордай» гуманитарлық-экономикалық, «Береке» гуманитарлық-техникалық, №7 Бетқайнар және Қордай ауылшаруашылық колледждерінің жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері, волонтерлер қатысты.
Жиында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының өткен жылғы маусымында ерекше көзге түскен Р.Жұмаділ, Г.Тайыров, Д.Қадіржан, Н.Жапарқалықова, Д.Жұмағалиева сынды мүшелеріне аудан әкімнің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары және гүл шоқтары табысталды. Ал аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай «Әулиеата жастары» атты облыстық жастар энциклопедиясына енген қордайлық белсенді жастар А.Исраилова, С.Насыров, Т.Қыдырбекке энциклопедияны тапсырды.
Сонымен қатар А.Мұсарова, Т.Құдайбергенова сынды белсенді еріктілер «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, Республикалық волонтерлер офисінің басшысы Миронюктің Алғыс хатына ие болды. Оны Қордай ауылдық ақсақалдар кеңесінің жетекшісі Ә.Сейілханов тапсырды. Салтанатты іс-шара арнайы әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.
Осылайша Қордай өңірінде «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымы бастау алды. Бағдарлама аясында жұмысқа тартылған жастар ауданды көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына кірісіп кетті.