Құпиялылық құлпы ашылуда
Ресей Федерациясының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин бұған дейін Ресей мемлекеттік саяси-әлеуметтік тарих мұрағатында сақталып келген, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына қатысты құпия құжаттарды батырдың немере інісі Бекет Момынқұлға табыстады. Жәдігерлерді табыстау рәсімі Қазақстан Қарулы күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде өтті.
Құжаттардың ішінде Б.Момышұлына ресімделген жалпыодақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі (1942 жыл); ЖКП мүшесінің партиялық билеті мен есеп карточкасы (1942 жыл); КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі; Момышұлының есеп карточкасындағы фотосуреті; «Адам соғысуға үйренеді» атты мақаласы (1943 жыл); КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының «Б.Момышұлын Қызыл Ту орденімен марапаттау туралы» қаулысы (1971 жыл); «Казахстанская правда» газетіндегі «Баурджан Момыш-Улы» деген некролог (1982 жыл) сияқты бірнеше маңызды құжат бар.
Салтанатты ресімде Ресей елшісі 1941 жылы құрылған қазақстандық дивизиялардың Мәскеуді жанқиярлық ерлікпен қорғағанын, олардың арқасында жауға тойтарыс берілгенін еске алды. Оның айтуынша, барлық құжаттың құпиялық белгісі болған. Ал оны ашық жариялау үшін үлкен жұмыс атқарылды. Бюрократиялық кедергілер де болды. Алайда барлық мәселе шешіліп, мұрағат құжаттары уақытында жеткізіліп отыр.
Ресей жағы Подольск қаласындағы он бір мыңнан астам әскери құжат сақтаулы тұрған архивпен жұмыс істеуге мүмкіндік беруге дайын. «Аса құпия» деген белгісі бар сарғайған парақтар ұлт батыры Бауыржан Момышұлының өмірбаянындағы ғана емес, Мәскеу үшін ерлікпен шайқасқан атақты Панфилов дивизиясының тарихындағы ақтаңдақтарды толтыратын болады.