Goknur Gida Жамбылда жаңа жобаны жүзеге асырмақ
Түркиенің «Great Production LTD» (Goknur Gida) компаниясы облысымыздың аумағында үдемелі бау-бақша шаруашылығын дамытуға және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыруға ниетті. Бұл орайда «Great Production LTD» Түркиедегі жеміс-көкөніс концентраттарын өндіретін ең ірі компания екенін айта кеткен жөн.
Жоба аясында 1100 гектар бау-бақша және қайта өңдеу зауыты салынбақ. Компания ауқымды жобаны 2024 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды, өндірілген өнімді ішкі нарыққа және шетелге сатуды жоспарлап отыр. Құны 98,4 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба жүзеге асқанда 1000 жұмыс орны ашылатын көрінеді.
Жақында осыған байланысты мәселелерді облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бейне-байланыс режимінде талқылаған компания басшысы Осман Асланали жұмысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылатынын атап көрсетті.
– Елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады, – деді аймақ басшысы.