Біз туралы
«Әулиеата» газетінің тарихы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы «өлгенді тірілтіп, өшкенді жаңғырту» деген ұғымға саяды. Тарихымыздың түп-тамырынан бері әңгіме тартсақ әртүрлі замандарда, түрлі жағдайларда тарихымызда болған елеулі істер, әйгілі атаулар ұмытылып бара жатқандығы жасырын емес. Солардың қатарында бұқаралық ақпарат құралдары айдынында жылт етіп көрініп, айшықты таңбаларымен із қалдырған баспасөздеріміз баршылық. Баспасөз – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір іспеттес. Сондықтан, басылым қоғам үшін еңбек етеді. Себебі, журналистика қоғаммен біте қайнасып, өмірдің тыныс-тіршілігімен араласып, бірге тыныстап жатыр.
Өткен ғасырдың тоқсан төртінші жылдары жасындай жарқ етіп көрінген Жамбыл облыстық қазақ тілі қоғамының жанынан құрылған «Әулиеата» газеті өзіндік орны да, болмыс бітімі де бөлек басылым еді. Әйтсе де бірнеше нөмірінен кейін қоғамдық формацияның ауысуына байланысты, киліккен нарықтық экономикаға қатысты қиындықтар өмірге жаңа келген басылымның адымын аштырмай, тығырыққа тіреді. Яғни, қағаз тапшылығы, қаржы жетіспеушілігі қол байлау болып, басылым өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Енді, міне, ел еңсесін тіктеп, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түзелген шақта «Әулиеата» газеті өмірге қайта оралып, өз жұмысын бастады.
Қыранның қиясына талпына қанат сермеген «Әулиеата» газеті өз оқырмандарына қарай жол тартты. Апталық жарияланым 2018 жылдың 8 қаңтарынан бастап шығып, көпшілік көзайымына айналып үлгерді. Басылым беттерінде жағымды жаңалықтар молынан қамтылып, өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және әдеби-мәдени салаларын қамтитын өзекті мақалалар жарияланады. Газет алғашқыда 5000, бүгінде 17 700 таралыммен Қазақстан Республикасы аумағына тарайды.