Сайлау

Құрмет төрінде — құтқарушылар

0 14

Құтқарушы күніне орай облысымызда сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, бірқатар маман марапатталды.

Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде бірінші болып көмекке ұмтылатын мамандардың еңбегі зор құрметке ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сала қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға беріп, оларды «бейбіт күннің батырлары» деп атаған.

– Қиын сәтте халықтың жанынан табылып, адам өмірін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша құтқарушының қызметі ерекше құрметке лайық. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз бен кәсіби жауапкершіліктеріңіз қоғамның қауіпсіздігі үшін аса маңызды, – деген аймақ басшысы азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне алғыс айтып, бірқатар маманға облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарын табыстады. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Арман Тоқанов сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатарына арнаулы атақтар берді. Бұдан бөлек, мамандар «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Құтқарушы» белгілерімен және «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Өңірде азаматтық қорғау саласының мүмкіндіктерін арттыруға да көңіл бөлінуде. Биыл өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи техника сатып алуға және шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 530 миллион теңге қарастырылған. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданына қарасты Мыңарал ауылында, Балқаш көлінің жағасында жаңа құтқару станциясы ашылды. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген станцияға «Voyager» маркалы катер берілген. Бұдан бөлек, құтқару қызметінің техникалық әлеуетін күшейту үшін төрт «Toyota Hilux» жедел-құтқару автокөлігі, екі өрт сөндіру көлігі және еуропалық стандарттарға сай 27 жиынтық жауынгерлік киім сатып алынған.

Құтқарушылардың қызметі көбіне көзге көріне бермегенімен, олардың әрбір жедел әрекетінің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан сала мамандарына құрмет көрсету – олардың күнделікті еңбегін бағалаумен қатар, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға көрсетілген алғыс.