Заңға адалдық – өмірлік ұстаным

0 13

Заңға құрмет – қоғамға құрмет. Құқықтық мемлекет құру жолында заңдылықты сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, әділдік қағидаттарын орнықтыру айрықша маңызға ие. Бұл бағытта құқық қорғау органдарында қызмет етіп, кейінгі ғұмырын ғылым мен білімге арнаған азаматтардың еңбегі өлшеусіз. Солардың бірі – заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі Құрманбек Сағынбеков. Биыл алпыс жасқа толған ғалымның мерейтойына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Заң мен тәртіп: құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, заң саласының мамандары, университет оқытушылары мен мерейтой иесінің әріптестері қатысты. Конференцияда құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және жаңа Конституция қағидаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар құқық қорғау саласында мол тәжірибе жинақтап, ғылыми ізденісімен танылған Құрманбек Сағынбекұлының еңбек жолы мен ұстаздық қызметі кеңінен сөз болды.

Жиынның ашылуында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің президенті Ерболат Саурықов мерейтой иесінің ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, Құрманбек Сағынбекұлы құқық қорғау органдарындағы көпжылдық қызметінде жинақтаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп, болашақ заңгерлердің кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.

– Әр адамның өмір жолында бағындыратын белестері мен жетер биіктері бар. Таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп, ғылым мен білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Құрманбек Сағынбекұлының мерейтойына орай университет қабырғасында әріптестері, зиялы қауым өкілдері, заңгерлер, шәкірттері мен арнайы келген қонақтар бас қосып отыр.

Заң саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Құрманбек Сағынбекұлы осы жолда табанды еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Университетте студенттерге мол тәжірибесін бөлісіп, болашақ мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етіп келеді. Ұстаз еңбегінің бағасы – шәкіртінің жетістігі. Сондықтан Құрманбек Сағынбекұлының еңбегі құқық қорғау саласындағы қызметімен ғана емес, жас ұрпаққа берген білімі мен өнегесі арқылы да құнды, – дей келе Ерболат Байұзақұлы мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты.

Бұдан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева Құрманбек Сағынбекұлының құқық қорғау саласындағы қызметі мен ғылыми-педагогикалық еңбегіне тоқталды. Ол бұған дейін университетте өткен «Байсалов оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында талқыланған мәселелерді бүгінгі жиынның тақырыбымен сабақтастыра отырып, мемлекет пен адам арасындағы байланыстың маңызына назар аударды.

– «Байсалов оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген конституциялық формуланы талқыладық. Бүгін бұл мәселені басқа қырынан қарастыруға мүмкіндік туып отыр. Табиғат халыққа тиесілі болса, мемлекет адам үшін қызмет етеді. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституцияның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде бекітілген.

Құрметті Құрманбек Сағынбекұлы, Сіздің өмір жолыңыз «Заң мен тәртіп» ұғымдарымен тығыз байланысты. Жиырма жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілдіңіз. Полиция полковнигі атанып, қызмет үздігі болдыңыз. Тәртіптің мәнін тек теория жүзінде емес, өмірлік тәжірибе арқылы таныдыңыз.

Кейін қызмет барысында жинақтаған тәжірибеңізді ғылыми ізденіспен ұштастырып, заң ғылымдарының кандидаты атандыңыз. Жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегіңіз, он оқу құралыңыз жарық көрді. Прокурорлық қадағалау, қылмыстық процесс, экономикалық қауіпсіздік және қылмыстық-атқару құқығы мәселелеріне қатысты зерттеулеріңіз құқық саласының дамуына қызмет етіп келеді. 2010 жылдан бері студенттерге дәріс оқып, тәжірибеңізді кейінгі буынмен бөлісіп жүрсіз. Шәкірттеріңіздің заң саласында еңбек етуі – ұстаздық жолыңыздың жемісі, – деді Ләззат Қалымбекқызы.

Халықаралық конференцияда басқа да белгілі ғалымдар мен заң саласының мамандары ғылыми баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Скаков, Тұран университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Талғат Әкімжанов, Ресей мемлекеттік сот төрелігі университетінің «Азаматтық құқық» кафедрасының меңгерушісі Анна Ананьева, Ташкент мемлекеттік заң университетінің «Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Махмут Утемуратов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Конституциялық және халықаралық құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Маржан Билялова онлайн және офлайн форматта ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамаларда құқық үстемдігін қамтамасыз ету, заңнаманы жетілдіру, адам құқықтарын қорғау және құқықтық білім берудің өзекті мәселелері қамтылды.

Құрманбек Сағынбекұлының бүгінгі биікке жету жолы ізденіс пен табандылыққа, кәсіби жауапкершілікке негізделген. Ол 1966 жылғы 11 қазанда Жамбыл ауданына қарасты Қызылабад ауылында дүниеге келген. 1973-1983 жылдары «Құмшағал» станциясындағы №24 орта мектепте оқып, білім ордасын үздік бітірген. Еңбек жолын «Жамбыл» станциясының локомотив депосындағы механикалық цехта слесарь болып бастаған.

1984 жылы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түскенімен, сол жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеуге аттанады. Ресейдің Кострома қаласында екі жыл әскери қызметін өтегеннен кейін елге оралып, 1987 жылы Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасына жұмысқа қабылданады. Жас маманның жауапкершілігі мен ынтасы көп ұзамай байқалады. 1989 жылы КСРО ІІМ Уфа жоғары мектебіне оқуға жіберіледі. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін білімін Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары мектебінде жалғастырып, 1993 жылы «Құқықтану» мамандығын тәмамдайды. Сол жылы Жамбыл облысы Ішкі істер басқармасындағы офицерлік қызметін жалғастырып, 1993-1996 жылдары қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу және заңдылықты қамтамасыз ету бағыттарында тәжірибе жинақтайды.

1996 жылы Қостанай қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Жоғары мектебіне қызметке ауысуы оның кәсіби жолындағы жаңа кезеңге айналды. Кейін институт, одан соң Академия мәртебесіне ие болған оқу орнында әр жылдары жауапты қызметтер атқарды. Құқық қорғау саласындағы білімі мен практикалық тәжірибесін ұштастыра отырып, оқу орнының жұмысына, кадр даярлау мен тәрбие ісіне үлес қосты. Еңбек жолының нәтижесінде Академия бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, полиция полковнигі арнайы шенімен құрметті зейнет демалысына шықты. Ол – КСРО ІІМ мен Қазақстан Республикасы ІІМ қызметінің үздігі, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері.

Қызмет барысында жинақталған тәжірибе Құрманбек Сағынбекұлының ғылыми ізденістеріне де негіз болды. 2005 жылғы 1 маусымда Мәскеу қаласындағы Ресей Федерациясы Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі ғылыми-зерттеу институтында заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2007 жылы Қазақстан Республикасында қайта аттестаттаудан өтіп, ғылыми дәрежесі ресми түрде бекітілді. Осылайша, ол құқық қорғау саласындағы практикалық тәжірибесін ғылыми зерттеулермен сабақтастырып, заң ғылымының дамуына үлес қоса бастады.

2010 жылдан бері жоғары заң білімі беру саласында еңбек етіп келе жатқан ғалым қазіргі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Заң» факультетінде доцент қызметін атқарады. Оның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыттары – қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық-атқару құқығы. Ғалым осы салалардағы зерттеулерінде қылмыстық саясатты жетілдіру, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық жазаларды орындау жүйесінің тиімділігін арттыру, заңдылықты нығайту және адам құқықтарын қорғау мәселелерін зерделейді.

Бүгінде Құрманбек Сағынбекұлының ғылыми қоржынында жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек, соның ішінде он оқу құралы бар. Бұл еңбектер болашақ заңгерлердің кәсіби білімін тереңдетуге, құқықтық мәселелерді ғылыми тұрғыдан түсінуіне және тәжірибеде дұрыс шешім қабылдауына бағытталған.

Құқық қорғау саласында жиырма жылдан астам уақыт қызмет етіп, одан кейінгі өмірін ғылым мен білімге арнаған Құрманбек Сағынбекұлының еңбек жолы – мамандыққа адалдықтың айқын көрінісі. Тәжірибесін ғылыми ізденіспен ұштастырып, шәкірт тәрбиелеуді өмірлік міндетіне айналдырған ғалымның еңбегі құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал етіп келеді. Алпыс жасқа толған мерейтой иесіне арналған конференция да оның осы жолда атқарған жұмысына берілген құрметтің белгісі болды.