Техниканың тілін тапқан маман

0 11

Қазір компьютер мен ноутбуксыз, принтерсіз жұмыс істеу қиын. Құжат әзірлеу, ақпарат сақтау, түрлі мәліметті басып шығару сияқты күнделікті шаруаның бәрі осы құрылғылармен тығыз байланысты. Ал техника істен шыққанда, оның ақауын анықтап, қайта іске қосу үшін арнайы білімі мен тәжірибесі бар маман қажет. Осындай жауапты істі кәсібіне айналдырып, он жылдан астам уақыттан бері елге қызмет көрсетіп келе жатқан азаматтың бірі – Бауыржан Зият.

Бауыржан Мәуленұлы Байзақ ауданының Дихан ауылында дүниеге келген. Туған ауылында өсіп, тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне оқуға түседі. Техникалық бағыттағы білімін тереңдетуге ұмтылған жас жігіттің таңдауы уақыт өте келе өмірлік кәсібіне айналды.

Бүгінде ол компьютер, ноутбук және принтер жөндеумен айналысады. Ал бұл салаға келуіне студенттік жылдардағы қызығушылығы мен тәжірибесі негіз болған.

– Мен бұл салада 2012 жылдан бері еңбек етіп келемін. Колледжде оқып жүрген кезімде Тараз қаласындағы «F1_com» сервис орталығына өз еркіммен барып, тәжірибеден өттім. Үш ай бойы жұмыстың қыр-сырын үйреніп, техниканың ақауын анықтау мен оны жөндеудің алғашқы дағдыларын меңгердім. Жұмыс өзіме ұнаған соң, сол орталықта қалдым. Кейін жоғары оқу орнына түссем де, жұмысты тоқтатқан жоқпын. Оқу мен қызметті қатар алып жүру оңай болмады, бірақ алған білімімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік туды, – дейді Бауыржан Мәуленұлы.

Кейіпкеріміз білім алуға да айрықша мән берген. Алдымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжін, кейін М.Х. Дулати атындағы Тараз университетін тәмамдаған. Екі оқу орнында да үздік оқып, қызыл диплом алған. Оның айтуынша, техникалық маман үшін теориялық білім мен күнделікті тәжірибенің қатар жүргені маңызды. Өйткені құрылғылардың құрылысы мен жұмыс істеу жүйесін білу ақауды дұрыс анықтауға көмектеседі. Ал әрбір жөндеу жұмысы маманның тәжірибесін толықтыра түседі.

Компьютер мен ноутбуктың сырт көзге байқала бермейтін ақауларын табу кейде едәуір уақытты талап етеді. Бір құрылғының жұмыс істемей қалуына бірнеше себеп әсер етуі мүмкін. Сондықтан маман бірден бөлшек ауыстыруға асықпай, алдымен мәселенің қайдан туындағанын анықтайды. Мұндайда ұқыптылық пен шыдамдылықтың маңызы зор.

– Әр құрылғының өз ерекшелігі бар. Кейде қарапайым көрінетін ақаудың себебін табудың өзі оңайға соқпайды. Әсіресе ноутбуктың ішкі бөлшектері бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, ақаудың нақты қай жерден шыққанын анықтау қажет. Содан кейін ғана жөндеу жұмысына кірісеміз. Бұл істе асығыстық жарамайды. Ең бастысы – мәселені дұрыс анықтап, құрылғыны сапалы жөндеу, – дейді ол.

Жылдар бойы жинаған тәжірибесі Бауыржанның кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, өз ісін дөңгелетуіне де жол ашты. Қазір ол жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейді. Тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Бір рет қызметіне жүгінген адам кейін қайта хабарласып немесе таныстары мен туыстарына ұсынатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – маман еңбегіне берілген бағаның бір көрінісі.

Оның айтуынша, жөндеу жұмысының нәтижесін көріп, істен шыққан техникасының қайта іске қосылғанына қуанған тұтынушының ризашылығы еңбегіне деген ынтасын арттыра түседі. Себебі кез келген кәсіптің қадірі тек табыспен емес, өзгеге тигізген пайдасымен де өлшенеді.

Бауыржанның еңбегінің тағы бір нәтижесі – өзінен тәлім алған шәкірттері. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүр. Олар ұстазымен байланысын үзбей, кезінде үйренген білімі мен алған бағыт-бағдары үшін алғыстарын білдіріп отырады. Бұл да маманның өз тәжірибесін өзгелермен бөлісуге көңіл бөлетінін аңғартады.

Кәсіптің болашағын ойлаған азамат алдағы уақытта жұмысын кеңейтіп, тұрақты түрде шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап отыр. Оның мақсаты – тек қызмет көлемін арттыру емес, өз ісін жетік меңгерген мамандардың қалыптасуына үлес қосу.

Бүгінде еңбек нарығында техникалық қызмет көрсету саласының маңызы артып келеді. Құрылғылар күн сайын жаңарып, олардың жұмыс жүйесі де күрделене түсуде. Мұндай жағдайда маманның үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы қажет. Бауыржан Зияттың еңбек жолы да осы талаппен сабақтас. Ол студент кезінен бастаған ісін бүгінге дейін жалғастырып, жинаған тәжірибесін кәсібінің дамуына бағыттап келеді.

Адал еңбегімен абырой тапқан азамат үшін басты жетістік – сүйікті ісімен айналысып, тұтынушының сеніміне ие болу. Бір қарағанда шағын ғана қызмет секілді көрінгенімен, істен шыққан техниканы қалпына келтірудің артында үлкен білім, ұқыптылық пен жауапкершілік жатыр. Өз кәсібін осылайша тұрақты еңбекке айналдырған Бауыржан Мәуленұлы алдағы уақытта да шеберлігін шыңдап, шәкірт тәрбиелеуді көздейді.