Туған жер тазалығы – ортақ міндет

0 8

Жамбыл жерінде тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Кезекті сенбілік Дүниежүзілік тазалық күніне орайластырылып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылды.

Бұл күні Тараздағы «Мамыр» саябағында жастар, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері бас қосты. Олардың қатарында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те болды. Жиналғандар саябақ аумағын тазалап, айналаны ретке келтіруге атсалысты.

Тазалық жұмыстары қаладағы басқа аумақтарды да қамтыды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» шағынауданында және «Қарасу» каналының бойында жұмыс жүргізілді. Бір күннің өзінде ұзындығы 15 шақырым арық жүйесі мен канал тазартылып, 350 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Сенбілікке қатысқан тұрғындармен тілдескен облыс әкімі мұндай жұмыстардың маңызын атап өтті.

– Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Қоршаған ортаны таза ұстау әр адамның күнделікті әдетіне айналуы қажет. Осындай игі бастамалар арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастырып, туған жеріміздің тазалығына бірге үлес қосамыз, – деді Ербол Қарашөкеев.

Дүниежүзілік тазалық күніне арналған шаралар аудан-қалаларда да ұйымдастырылды. Өңірде жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен акцияларға 79,7 мың адам қатысқан. Олардың қатарында 2,1 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме бар.

Жыл басынан бері облыс аумағында 48,5 мың түп жасыл желек отырғызылды. 5,5 мың шақырым көше жолы мен 950 шақырым арық жүйесі және канал тазартылды. Бұдан бөлек, саябақтар мен скверлердің 750,4 мың шаршы метр аумағы ретке келтіріліп, 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.

Тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Себебі елді мекендердің ажары ең алдымен таза көшесі мен жинақы ауласынан көрінеді. Ал оны қалыптастыру – бір мекеменің емес, тұрғындардың барлығына ортақ шаруа.