Сарыкемерден Қытайға: Елнұрдың білім жолы
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында туып-өскен Елнұр Тілеубайдың жетістігі – ауыл жастарына берілген мүмкіндік пен талапты жастың табандылығы тоғысқанда қандай нәтиже болатынын көрсететін тағылымды мысал. Қарапайым ауыл мектебінде білім алған жас бүгінде Қытайдағы беделді жоғары оқу орындарының бірінде білім алуға дайындалып жатыр.
Елнұр – еңбекпен есейген ауыл баласы. Анасы үй шаруасымен айналысса, әкесі түрлі жұмыстар атқарып, маңдай терімен отбасын асырап келеді. Осындай ортада өскен Елнұр да жастайынан еңбекке араласып, ата-анасына қолғабыс етуді үйренді. Мектептегі сабағын тәмамдаған соң үй шаруасына көмектесіп, ауыл тіршілігіне етене араласты.
Ол кезде шетелде білім алу туралы ой Елнұрдың түсіне де кірмеген. Дегенмен білімге деген құштарлығы мен алға ұмтылысы оның өмір жолын өзгертетін мүмкіндікке жол ашты. Бәрі осыдан екі жыл бұрын «IQanat» олимпиадасына қатысудан басталды. Білім бәйгесінде жоғары нәтиже көрсеткен Елнұр Бурабайдағы «IQanat High School of Burabay» мектеп-пансионатында тегін білім алуға мүмкіндік алды. Бұл орта жас талапкердің қабілетін шыңдап, білім көкжиегін кеңейтті. Елнұр мектепте халықаралық стандарттарға сай білім алып, ағылшын тілін жетілдірді. Сонымен қатар шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге қажетті арнайы дайындықтан өтті. Ұстаздарының бағыт-бағдары мен өзінің тынымсыз ізденісінің арқасында ол үлкен мақсатқа біртіндеп жақындай түсті.
Көп ұзамай еңбектің нәтижесі де көрінді. Елнұр Қытайдағы «Zhejiang University of Finance and Economics» университетінің грантын жеңіп алды. Экономика және бизнес саласында мамандар даярлайтын аталған оқу орны Қытайдың беделді жоғары оқу орындарының бірі саналады.
Ауыл баласы үшін бұл – үлкен жетістік. Алайда шетелде білім алу мүмкіндігімен бірге шешілуі тиіс мәселелер де аз емес еді. Қытайға бару, жаңа ортаға бейімделу, оқу барысында туындайтын басқа да шығындарды өтеу қарапайым отбасы үшін оңай болмады. Осы тұста Елнұрдың отбасы үшін үлкен қолдаудың қажеттілігі сезілді.
Күтпеген қуанышты жаңалық 16 маусым күні Бурабайда өткен «IQanat» мектебі түлектерінің кешінде жарияланды. Өзге түлектермен бірге сахнаға көтерілген Елнұр сол сәтте өзіне көрсетілер ерекше қолдаудан хабардар болды. Ұлының қуанышын бөлісу үшін арнайы келген анасы да бұл жаңалықтың куәсі болды. «IQanat» жобасының қамқоршысы, кәсіпкер Алмаз Тұлтаев жас талапкерге арнайы шәкіртақы тағайындалатынын мәлімдеді. Бұл қолдау Елнұрдың Қытайға барып, білім алуына және оқу кезеңіндегі шығындарын толық өтеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің айтуынша, дарынды жастарға қолдау көрсету – жай ғана көмек емес, елдің болашағына салынған инвестиция.
– Біз дәстүрлі түсініктегі қайырымдылықпен айналысып жүрген жоқпыз. Еліміздің дамуына үлес қоса алатын білімді жастардың қалыптасуына жағдай жасап жатырмыз. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, – дейді Алмаз Тұлтаев.
Бүгінде «IQanat» жобасына Қазақстанның 240-тан астам кәсіпкері қолдау көрсетіп отыр. Олардың көмегі арқылы ауыл мектептерінің оқушылары түрлі олимпиадаларға қатысып, қосымша білім алып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге дайындалады. Жобаның биылғы түлектерінің жетістігі де көңіл қуантады. Олар әлемнің тоғыз еліндегі жоғары оқу орындарынан 56 шақырту алған.
Елнұр Тілеубайдың жетістігі – ауыл мектебінде білім алып жүрген жасөспірімдерге үлкен мотивация. Оның өмір жолы үлкен арманға жету үшін міндетті түрде үлкен қалада дүниеге келудің қажет еместігін көрсетеді. Бастысы – талап пен еңбек, білімге деген құштарлық және алдыңнан шыққан мүмкіндікті тиімді пайдалана білу. Кеше ғана Сарыкемердегі қарапайым мектепте білім алып, ата-анасына қолғабыс еткен ауыл баласы енді Қытайда білім алып, болашақ мамандығына алғашқы қадамын жасамақ. Оның бұл жетістігі туған жеріндегі талай жастың жүрегіне сенім ұялатып, биік мақсатқа ұмтылуына жол ашары сөзсіз.
Арманның мекені алыста емес. Оған апарар жол кейде туған ауылдағы қарапайым мектептен, ұстаздың берген білімінен, ата-ананың қолдауынан және баланың өзіне деген сенімінен басталады.