Қоғамға қайта бейімдеудің жаңа қадамы

0 8

Психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар пациенттердің емделуімен қатар, оның қоғамға қайта бейімделуі мен қалыпты өмірге оралуы да аса маңызды. Осы бағытта азаматтарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға бағытталған «Қатарға қосу» пилоттық жобасы қолға алынды.

Жобаның негізгі мақсаты – ремиссиядан кейін пациенттердің қайтадан стационарға түсуінің алдын алып, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, кәсіби дағдыларын қалыптастыру және еңбекке араласуына мүмкіндік жасау.

Жұмыс орнының, кәсіптің болмауы, кей жағдайда қолайсыз тұрмыстық жағдайлар пациенттердің қайтадан стационарға түсуіне себеп болады. Сондықтан медициналық көмекті әлеуметтік қолдаумен ұштастыру қажет.

«Қатарға қосу» ұранымен жүзеге асырылып жатқан жоба аясында пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасауға басымдық берілген. Орталықта серуендеу алаңдары мен арнайы жабдықталған спорт залы ұйымдастырылып, дене белсенділігіне қажетті жағдай жасалған. Алайда, әлеуметтік мәселелерді бір ғана медициналық ұйымның күшімен шешу мүмкін емес. Осыған байланысты облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Еңбек мобильдігі орталығы, Тараз қаласы бойынша «Мансап орталығы» филиалы және «Бағыт-Тараз» оқу орталығы жобаны іске асыруға белсенді атсалысуда.

Жоба аясында психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар азаматтарды медициналық-әлеуметтік оңалту саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы келісім жасалды. Әрбір үміткердің әлеуметтік мәртебесін, денсаулық жағдайын, қабілеті мен мүмкіндігін жан-жақты бағалау үшін мультидисциплинарлық топ құрылды.

Бүгінде жоба бойынша 10 азамат білім алуда. Олар өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіби білім алып, еңбекке бейімделу бағытында қолдау көрсетілуде. Басты ерекшелігі – психикалық денсаулық мәселелері бар азаматтарды қоғамнан оқшаулау емес, керісінше, олардың әлеуетін ашып, еңбекке араласуына мүмкіндік беру. Бұл – стигматизация мен кемсітушілікті азайтып, әр азаматтың қоғамдағы өз орнын табуына жол ашатын маңызды қадам.

Бұл бастама – өңірдегі алғашқы тәжірибелердің бірі. Алдағы уақытта оның аясын кеңейтіп, еңбекке орналасатын азаматтар санын арттыру көзделіп отыр.