Жалған нөмір таққан мотоцикл жүргізушісі жауапқа тартылды
Облыста жол қозғалысы ережесін бұзған мотоцикл жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық Полиция департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы көшелердің бірінде қорғаныш дулығасынсыз мотоцикл басқарып келе жатқан азаматты анықтаған. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мотоциклді тоқтатып, жүргізушіні тексерді. Нәтижесінде азаматтың көлік құралын басқару құқығы жоқ екені белгілі болды. Тексеру барысында мотоциклге тағылған мемлекеттік тіркеу нөмірінің де жалған екені анықталды.
Аталған құқықбұзушылықтар бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды. Ал заң талаптарын бұза отырып пайдаланылған мотоцикл арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері мотоцикл жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырады.