Таразда Салтанат сарайының құрылысы басталды

0 12

Тарихы терең, мәдениеті қалыптасқан Тараз қаласының рухани-мәдени келбетін жаңа нысанмен толықтыратын ауқымды жоба қолға алынды. «Балауса» шағын ауданында 1 300 көрерменге арналған заманауи Салтанат сарайының құрылысы басталып, нысанның іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының мамандары қатысты.

Жаңа мәдениет ошағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердегі әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында бой көтермек. Жобаның жалпы құны 18,5 миллиард теңгені құрайды. Салтанат сарайын салуға 5 гектар жер бөлінсе, негізгі ғимараттың аумағы 13 мың шаршы метр болады. Жаңа кешеннің жобасы ауқымды әрі заманауи талаптарға сай әзірленген. Мұнда 1 300 орынды көрермен залы, сахна, баспасөз орталығы, конференц-залдар, өнер үйірмелеріне арналған бөлмелер және түрлі танымдық бағыттағы бөлімдер қарастырылады. Ғимарат заманауи жарық пен дыбыс жүйелерімен жабдықталады.

Бұл нысан концерттер мен театр қойылымдарын ғана емес, шығармашылық кештерді, республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнер ұжымдарының жұмысын жандандыруға және жаңа мәдени жобаларды жүзеге асыруға кең жол ашылады. Салтанат сарайының құрылысы аяқталғаннан кейін Тараз қаласының мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндігі айтарлықтай кеңеймек. Жаңа нысан шаһар тұрғындары мен қонақтарына сапалы мәдени қызмет ұсынумен қатар, шығармашылық орта қалыптастыруға да ықпал етпек.

Іргетасқа капсула салу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа мәдениет ошағының өңір үшін маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәдениет пен өнерді дамытуға, халыққа қолайлы орта қалыптастыруға және елдің рухани әлеуетін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Тарихы екі мың жылдан асатын Тараз үшін мәдениет пен өнердің орны әрдайым ерекше. Сондықтан көне шаһардың тарихи келбетіне сай заманауи мәдени инфрақұрылым қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.

Бүгін құрылысы басталып отырған Салтанат сарайы қаланың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Осы орайда, өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына ерекше көңіл бөліп, маңызды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп отырған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Жамбыл жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Ербол Қарашөкеев.

Салтанатты жиында облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Мәдениет саласының үздігі» Асылхан Шүңіреков те сөз сөйледі. Мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан пікір білдірген Асылхан Шүңіреков жаңа нысанның шығармашылық ұжымдар мен жас таланттар үшін маңызы зор болатынын атап өтті. Оның айтуынша, заманауи талаптарға жауап беретін мәдениет ошағы өнер саласының жаңа жобаларына серпін беріп, талантты жастардың қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасайды.

Жалпы, Тараз қаласында мәдени іс-шараларды өткізуге арналған ірі нысанға сұраныс жылдар бойы сезіліп келеді. Қазіргі таңда қаладағы ең үлкен концерттік зал 951 көрерменге есептелген. 1980 жылы салынған бұл ғимарат 2017 жылы қайта жаңғыртылған. Осы тұрғыдан алғанда, 1 300 орынды жаңа Салтанат сарайының бой көтеруі – уақыт талабынан туындаған маңызды жоба. Нысанның сыйымдылығы қазіргі ең ірі залдан жоғары болуымен қатар, техникалық және функционалдық мүмкіндіктері де кең болмақ.

Салтанат сарайын 2028 жылдың наурыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін Тараздың мәдени өмірінде жаңа кезең қалыптасып, қалада ауқымды шығармашылық жобаларды өткізуге мүмкіндік артады.

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз үшін мұндай мәдени нысанның салынуы – шаһардың тарихи келбеті мен заманауи даму бағытын сабақтастыратын маңызды қадам. Жаңа Салтанат сарайы өнерсүйер қауымның басын қосатын, жас таланттарға жол ашатын және көне шаһардың мәдени-туристік әлеуетін арттыратын ірі рухани орталыққа айналмақ.