Құрылтай

Өмірін кітапханамен байланыстарған

0 8

Мойынқұм жұртшылығына  Ғалия Шубаеваның есімі кеңінен таныс. Ол ұзақ жыл аудандық орталық кітапханалар жүйесін басқарумен қатар аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де, аудандық аналар кеңесінің төрайымы ретінде де белсенділік танытуда.

Аудандық  орталық кітапханалар жүйесінің «Білім» алаңында Ғалия Шубаеваның зейнетке шығуына байланысты кеш өткізілді.

– Жалпы өмірде бір мамандықты шебер меңгерген, өз ісінің үздігіне айналған еңбек адамдары аз емес. Ал, Ғалия Бейсебайқызының бір ерекшелігі 40 жылға жуық кітапханашы қызметінде үлкен іскерлігі және ұйымдастырушылық шеберлігімен көрінді. Одан бөлек аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де қоғамға қосып отырған үлесі үлкен. Бұл кісі халық қалаулысы ретінде де, кітапхана мекемесінің басшысы ретінде де өзін мойындатқан, жетістікке жеткен майталман.

Жақында аудан әкімі Ермек Карентаевтың өзі қабылдап, арнайы құрмет көрсетті. Ол сіздің жұмысыңызға берілген үлкен баға. Алдағы уақытта да сіздің қоғамдық жұмысыңызға табыс тілеймін, – деді «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев құттықтау сөзінде.

Білім саласының ардагері Айнаш Боташева, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айым Жамбылқызы мен Мақпал Шубаева да кеш иесінен жақсы сөз бен құрметтерін аямады.

Жиын барысында Ғалия Бейсебайқызының еңбек жолын насихаттауға арналған бейнетаспалар көрсетілді. Кітапхана ардагеріне арнайы бұрыш жасалып, оның ұзақ жылға еңбегі құрметпен аталды. Жиын барысында Ғалия Бейсебайқызына облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаевтың Құрмет гармотасы табыс етілді.

Жиында Көкжелек ауылынан келген ардагер кітапханашы Дариякүл Алыпбаева, Қылышбай ауылынан келген ардагер кітапханашы Нұрбатыш Нүсіпжанова сөз алып, өздерінің шынайы ақ тілектерін ақтарды. Ғалия Шубаеваның әр жылдардағы елеулі еңбегіне тоқталды. Мекеменің кіші қызметкері Үміт Ізтілеуқызы да өзінің жылы лебізін арнап, аудандық кітапхананың бұрынғы директорына алғысын жаудырды. Мекеменің беделді мамандары Лаура Бейсенқұлова, Айман Байғожаева да тілек тізгінін ағытты.

– Кеше ғана жас маман болып жұмысымызды бастап едік. Енді, міне, еңбектің зейнетін көретін уақытымыз да жетіпті. Әрине, зейнет жасына жеткен бар, жетпеген бар. Осы күнге жеткеніме шүкір деймін. Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлынан бастап ауданымыздың сыйлы азаматтары өз құрметтерін көрсетіп жатыр. Бүгін құрмет жасап жатқан ұжымыма мың рақмет. Ұзақ жыл кітапхана саласында еңбек еткен жылдары қызықты да көрдік, қиындықты да көрдік. Көлік бұзылып, талай рет аязда жолда қалып кеттік. Сонда да осы жұмысымызды жақсы көрдік, бағаладық. Мамандығымызды бәрінен биік қойдық. Құрмет көрсетіп жатқан баршаңызға көп рақмет, – деді кеш иесі Ғалия Шубаева.

Жиынды аудандық орталық кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Сая Күлекеева қорытындылап, Ғалия Бейсебайқызына жемісті қызметі үшін ұжымның атынан алғыс білдіріп, камзол жауып, құрмет көрсетті.