Құрылтай

Меркі қант зауыты жаңа маусымға сақадай сай әзірленуде

0 6

Меркі ауданында күзгі қант қызылшасын қабылдау және өңдеу науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай аудан әкімі Ербол Жиенқұлов Меркі қант зауытында болып, өндіріс орнының жаңа маусым алдындағы әзірлік деңгейімен танысты.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысына кәсіпорын директоры Нұржан Қарғабаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, зауытта күзгі өндірістік кезеңге дайындық белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қант қызылшасын қабылдау пункттері ретке келтіріліп, кагат алаңдары дайындалуда. Сонымен қатар өндірістік жабдықтарды жаңғырту, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Ербол Жиенқұлов өндірістік маусым басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, қант қызылшасын қабылдау кезінде кідірістерге жол бермеу, өндіріс процесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және өнім өткізетін шаруаларға қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында өндірістегі қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Кәсіпорындағы өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, өндірістік ғимараттардың жай-күйі, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығы және қауіпсіздік нормаларының орындалуы жан-жақты қаралды. Осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау жөнінде жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар аудан әкімі зауыт аумағының санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлді. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өндіріс орнының аумағын таза ұстау, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды уақытылы шығару, еңбек мәдениетін сақтау мәселелері талқыланды. Аудан басшысы тазалықты қамтамасыз ету әрбір еңбек ұжымының ортақ міндеті екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың тұрақты жүргізілуі қажеттігін жеткізді.

Жұмыс сапарының қорытындысында Ербол Жиенқұлов жауапты тұлғаларға күзгі өндірістік маусымға жан-жақты дайындықты қамтамасыз ету, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және зауыттың тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық шараларды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі саналатын Меркі қант зауытының жаңа маусымға сапалы дайындалуы қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтардың өнімін уақытылы қабылдап, өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде аграрлық сектордың тұрақты дамуына және өңір экономикасының нығаюына оң ықпал етпек.