Құрылтай

Заң үстемдігі – әділет кепілі

0 6

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті. Брифингке облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаев және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Самат Таусаров қатысып, сот жүйесіндегі негізгі көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Жиында сөз алған спикерлер жаңартылған Конституция күшіне енгеннен кейін елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті. Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты бүгінде сот жүйесінің негізгі ұстанымына айналып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидовтың айтуынша, қазіргі таңда соттардың басты міндеті – заңнаманы біркелкі қолдану, сот тәжірибесін жетілдіру және әрбір азаматтың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта биылғы алты айда облыстық сотта қылмыстық теріс қылықтарды қарау тәжірибесіне, сыбайлас жемқорлыққа қатысты үкімдердің орындалуына, прокурорға қайтарылған қылмыстық істерге, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелеріне, бұлтартпау шараларын санкциялау тәжірибесіне және тергеу органдарының әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарауға кешенді талдау жүргізілген.

Есепті кезеңде облыс соттарына 1045 адамға қатысты 850 қылмыстық іс келіп түсіп, олардың 719-ы бойынша үкім шығарылған. Нәтижесінде 835 адамға қатысты сот шешімі қабылданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш саналады. Биыл 17 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылған. Бұл соттардың әрбір істі жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерге құқықтық тұрғыдан әділ баға беруінің нәтижесі екенін көрсетті. Сонымен қатар сотталғандардың 44,8 пайызына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Нұрмұхаммат Абидов мұны жол-көлік оқиғалары салдарынан адам өліміне немесе ауыр дене жарақатына әкелген қылмыстардың көбеюімен, сондай-ақ заңнамадағы өзгерістердің әсерімен байланыстырды.

Баспасөз мәслихатында спикерлер сот актілерінің сапасына да ерекше тоқталды. Апелляциялық тәртіппен көптеген іс қаралғанымен, кассациялық тәртіпте облыстық соттың небәрі алты сот актісі күшін жойып, жеті іс бойынша өзгеріс енгізілген. Бұл қабылданған сот шешімдерінің басым бөлігі заң талаптарына толық сәйкес екенін аңғартады.

Қылмыстық сот ісін жүргізуде тергеу судьяларының жұмысы да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл басынан бері олардың өндірісіне 2971 материал түсіп, 2967-сі қаралған. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау бойынша 461 материалдың 303-і қанағаттандырылған. Сонымен қатар облыста 137 адамға электрондық бақылау құрылғысы қолданылған.

Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Самат Таусаров әкімшілік әділет жүйесінің тиімділігі артып келе жатқанын айтты. Оның мәліметінше, биыл облыс соттарына 657 әкімшілік талап қою түсіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға артқан. Азаматтар негізінен сот орындаушыларының әрекеттеріне, жер қатынастарына, мемлекеттік сатып алу және тұрғын үй мәселелеріне байланысты сотқа жүгінген. «Әкімшілік соттар мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы дауларды шешуде өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Әсіресе кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар талаптар қанағаттандырылып, мемлекеттік сатып алу мен жер қатынастары бойынша азаматтардың құқықтары қорғалды», деді Самат Таусаров.

Сонымен қатар әкімшілік сот өндірісінде медиацияның маңызы артып келеді екен. Биыл татуласу көрсеткіші 9 пайызға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өскен. Бұл дауларды ұзақ сот талқылауынсыз шешуге мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтіп отырғанын көрсетеді.

Ал азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаев өңірдегі азаматтық даулар саны айтарлықтай көбейгенін айтты. Оның мәліметіне сәйкес, алты айда облыс соттарына 24 мыңнан астам талап қою түсіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға артқан. Өсімнің негізгі себептері ретінде банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы берешектің көбеюі, интернет алаяқтық фактілерінің артуы және жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты заңнаманың қолданысқа енуі аталды.

Банкроттық рәсімі бойынша ғана 632 талап қаралған. Ал банк, факторинг және микроқаржы ұйымдарына қатысты талаптардың саны жеті мыңнан асқан. Сонымен қатар интернет алаяқтықтан келген материалдық шығындарды өндіруге байланысты талаптардың да көбейгені қоғамдағы қаржылық қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін аңғартты.

Дәулет Тасыбаев азаматтық істер бойынша сот төрелігінің сапасы жоғары деңгейде сақталғанын атап өтті. Биыл шығарылған 8008 сот шешімінің небәрі 43-і ғана апелляциялық тәртіппен күшін жойған, ал кассациялық тәртіпте бұзылған шешімдердің үлесі бір пайызға да жетпейді.

Спикердің айтуынша, дауларды медиация, татуласу және партисипативтік рәсімдер арқылы шешу тәжірибесі де оң нәтиже беріп келеді. Жыл басынан бері азаматтық істердің 42,9 пайызы осы рәсімдер арқылы аяқталған.

Баспасөз конференциясында жарияланған мәліметтер сот жүйесінің өңірдегі қызметі тұрақты дамып келе жатқанын көрсетті. Қаралған істер санының артуы қоғамдағы құқықтық қатынастардың күрделене түскенін аңғартса, сот шешімдерінің тұрақтылығы сот төрелігінің сапасы мен кәсібилігінің жоғары екенін дәлелдейді.

Сонымен бірге халықтың несие жүктемесінің артуы, интернет алаяқтықтың көбеюі және мемлекеттік органдармен арадағы даулардың жиілеуі бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің қатарында қалып отыр.

Сот – мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің негізгі тетігі. Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту алдағы кезеңде де басты міндеттердің бірі болып қала береді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.