Құрылтай

Берері мол бағдарлама

0 4

2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы ауылдық жерлерге мамандар тартудың негізгі тетігі саналады. Бағдарламаның мақсаты – тек бос жұмыс орындарын толтыру емес, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларындағы кадрларды ауылда тұрақтандыру.

Ағымдағы жылы бағдарлама қатысушыларына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақы және 15 жылға дейін 1 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй несиесі ұсынылады. Аудан орталықтарында несие көлемі 2500 АЕК-ке дейін (шамамен 10,8 миллион теңге), ал өзге ауылдарда 2000 АЕК-ке дейін (8,6 миллион теңге) қарастырылған. Негізгі талап – ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеу. Бағдарлама іске қосылғалы бері көптеген жас маман көтерме жәрдемақы алған. Баспана алу үшін бюджеттік несие рәсімдеген.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына кімдер қатыса алады деген сұрақ көп адамды қызықтырады. Қатысуға құқылы адамдар – білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, агроөнеркәсіп, спорт саласында жұмыс істейтіндер. Сонымен бірге ауылдық округ әкімдері аппаратында істейтін қызметкерлер де қатыса алады.

Бағдарламаға қатысқан адамның бірінші алатыны – көтерме жәрдемақы. Ол 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір рет беріледі. Көп адам үшін бұл – алғашқы қадамдағы қаржылай демеу. Жас маман ауылға барып, жаңа орынға үйреніп жатқанда бұл қолдау үлкен көмек болады. Екінші ең маңызды мүмкіндік – тұрғын үйге жеңілдетілген несие. Бұрын мұндай шарт болмаған. Әдетте ауылда үй алу немесе салу қиын болатын. Енді жас маман үйді 1 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Жылдық тиімді мөлшерлеме де дәл осы 1 пайыз деңгейінде. Бұл – өте сирек кездесетін жағдай. Несие сомасы елді мекенге байланысты 2500 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Қайтару мерзімі 15 жылға дейін созылады. Осы уақыт ішінде адам әрі жұмыс істеп, әрі өзінің өмірін тұрақтандырып алады.

Негізгі талаптар анық қойылған. Адамның техникалық, кәсіптік, ортадан кейінгі немесе жоғары білімі болуы керек. Несие алған маман кемінде үш жыл ауылда өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттеледі. Бұрын алынған несие бойынша кешіктірілген берешек болмауы керек. Өтінім беру тәртібі де жеңілдетілген. Алдымен жас маман ауылдық жерден бос жұмыс орнын табуы керек немесе әкімдікке баруы қажет. Бос орын табылғаннан кейін «Baspana Market» деген платформаға тіркеледі. Сол жерде онлайн өтінім береді. Барлық құжатқа электронды қолтаңба арқылы қол қоюға болады.

Бұл бағдарлама туралы жұрт арасында жақсы пікір қалыптасып жатыр. Көп адам «жас маманға үй алуға осындай жағдай жасалуы – мемлекет тарапынан нақты қолдау» деп айтып жүр. Басқалары «ауылда маман жетіспейді, жастар келсе ауылдың дамуына жаңа серпін береді» деп пікір білдіреді. Кейбір жас мамандар «мұндай мүмкіндік бұрын болмаған, 1 пайыздық несие арман сияқты», деп қуанып жүр.