Ірі көлемдегі мал ұрлау қылмысы ашылды
Қордай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызбен жүгінді. Оның айтуынша, малды жазғы жайылымға айдар алдындағы санақта 51 қой мен 27 қозының жоқ екені анықталған. Келтірілген материалдық шығын 8,5 миллион теңгеден асады.
Арыз иесінің айтуынша, ол жоғалған малды өз күшімен іздеп көргенімен, іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген. Осыдан кейін полициядан көмек сұраған.
Аталған дерек бойынша мал ұрлау фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде ұрланған малдың бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды.
Облыс полиция департаменті ауылшаруашылығы жануарларының иелеріне мал ұстайтын орындардың сенімді күзетілуін қамтамасыз етуді, сырғалау және жануарларды сәйкестендірудің өзге де құралдарын қолдану, сондай-ақ малдың жоғалу фактілері анықталған жағдайда дереу полицияға хабарлау қажеттігін ескертеді.