Таразда заманауи кәріз тазарту кешені салынуда

0 8

Тараз қаласында экологиялық ахуалды жақсарту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – жаңа кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысы қарқынды жүзеге асырылуда. Осыған байланысты қала әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен арнайы кеңес өтіп, жоба барысы жан-жақты талқыланды.

Бүгінде облыс орталығындағы кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 294 шақырымды құрайды. Алайда жүйенің тозу деңгейі 43 пайызға жеткен. Қазіргі уақытта қаладан шыққан кәріз сулары Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақты алып жатқан сүзгілеу алаңдарына бағытталуда. Мамандардың айтуынша, бұл алаңдардың жүктемесі шамадан тыс артқан. Соның салдарынан Аса өзені мен жер асты суларының ластану қаупі туындап отыр.

Осы өзекті мәселені шешу мақсатында «Жамбыл су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны облыс және қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, заманауи кәріз тазарту кешенін салу жобасын қолға алған. Жобаның негізгі мақсаты – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындарға сапалы әрі сенімді коммуналдық қызмет ұсыну.

Кеңес барысында құрылыс жобасының жетекшісі Мұрат Джакишев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, кешенде халықаралық талаптарға сай озық технологиялар қолданылып, ағын сулар толық көлемде тазартылатын болады. Бұл қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, табиғи ресурстарды қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сүзгілеу алаңдарының жүктемесін төмендету мақсатында қосымша 12 карта салу жұмыстары да жүргізілген. Бұл өз кезегінде қолданыстағы жүйенің тиімділігін арттырып, экологиялық тәуекелдерді азайтуға ықпал етпек.

Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстап, жобаны белгіленген жоспарға сәйкес жүзеге асыруды тапсырды. Өйткені аталған кешен іске қосылғаннан кейін Тараз қаласының коммуналдық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріліп, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.