Жасөспірімдерге төтенше жағдайлар жөнінде сабақ өткізілді

0 4

Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері №41 орта мектептің жазғы лагерь тәрбиеленушілерімен кездесу ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға жазғы демалыс кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және өз өмірін қорғауды үйрету болды.

Кездесу барысында құтқарушылар балаларға суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік, өрттің алдын алу шаралары және көшеде жүру тәртібі секілді маңызды ережелерді түсіндірді. Сонымен қатар, олар нақты мысалдар арқылы қауіп-қатерлердің салдарын көрсетіп, балалардың есте сақтауына жеңіл етіп жеткізді.

Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері балаларға су айдындарында сақ болу, электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ жазғы демалыста орманға барғанда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша кеңестер берді. Оқушылар өз кезегінде белсенді сұрақтар қойып, қауіпсіздік ережелерін практикада қолдану жолдарын талқылады.

Тараз қаласы ТЖБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шаралар балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы мен Жедел-құтқару жасағы жазғы лагерьлерде қауіпсіздік сабақтарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Мақсаты – әрбір бала жазғы демалысты қауіпсіз өткізіп, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын меңгеру.