«Азия Сад» жұмысы жаңа бағытта дамуда

0 10

Қордай ауданында интенсивті алма баулары 1979 жылдан бастап қолға алына бастаған. Сол кездің өзінде бұл саланы дамытуға жаңаша технологияларды енгізу басталып кеткен еді. Енді, осыдан елу жылға жуық бұрын басталған үрдіс бүгінде жалғасы жаңаша сипатта дамуда. Бұл шаруамен Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылы маңынан орын тепкен «Азия Сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.

Аумағы 110 гектар алқапты алып жатқан бақта «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» сынды алманың 4 сорты өсірілуде. Аталмыш серіктестік қысқа мерзімде өз тәжірибесінде интенсивті бақ шаруашылығының тиімділігін дәлелдеді. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін «Азия Сад» жеке қаражатынан басқа «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы инвестиция алған. Салынған қаражат сомасы шамамен 2 миллиард теңге. Ал инвестициялардың жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құраған болатын. Жұмысын 2019 жылы бастаған серіктестік бүгінде науқан уақытында жүздеген жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға қауқары жететін алып шаруашылыққа айналып отыр.

Осыдан жеті жыл бұрын Италиядан арнайы алынған көшеттер қазір осы аймаққа жерсініп, мол өнім беруде. Дұрыс аграрлық көзқарас, алманы күтіп-баптаудың ұзақ жылғы тәжірибесі шын мәнінде табысқа бастар даңғыл жол екенін дәлелдеген.

Бақты отырғызар алдында жер дайындалып, араларына сым арқан тартылатын бетон тіректерден тұратын шпалер жүйелер орнатылды. Аталмыш жүйе жел соққанда жас көшеттерді сыну мен майысудан қорғап қалады. Аласа екпелердің тамыр жүйесі өте қысқа болады – ұзындығы ең көбі 40 см. Айта кетерлігі, бақтағы алма ағаштарының бойын кесу арқылы 3–3,5 метр деңгейде ұстайды. Оған қоса табиғи жағдайлар мен ауа райының қолайсыздығынан, атап айтқанда құстар мен бұршақтан қорғау үшін арнайы тор тартылған, ол қыс мезгілінде жиналады.

Ал, интенсивті алма бағының кәдімгі алма бақтан айырмашылығына келер болсақ, классикалық алма бағында 1 гектарға шамамен 600 ағаш отырғызылса, интенсивті бақтың 1 гектарына 3,5 мың ағаш отырғызылады.

– Жылына 2500–3000 тонна өнім алып отырмыз. Негізінен Қазақстанның ішінде нарыққа шығарудамыз. Көктем-күз айларында, алманы жинайтын науқан барысында екі жүзге дейін адамды жұмыспен қамтимыз. Ал жыл бойына тұрақты жұмыспен отызға жуық адам қамтылған. Олар негізінен ағаштарды түптеу, шөбін шабу, бұтақтарды шабу сынды жұмыстармен айналысады. Тамшылатып суару әдісін қолданамыз, түрлі зиянкестерден қорғау бағытында химикаттармен дәрілеу жұмыстарын жүргіземіз, – дейді серіктестіктің агрономы Асқар Абдрахманов.

Мұнда суару автоматтық құрылғымен реттелгенімен, жұмысшылар суару процесін бақылап, түтіктердің қоқыс пен топыраққа толып кетпеуін қадағалап тұрады. Осы жұмысты бақылауда ұстап отырған жұмысшы Мейрамкүл Қанаеваны сөзге тарттық.

– 2019 жылы осы серіктестік жұмысын бастағалы бері осында еңбек етіп келе жатырмын. Ағаштарды түптеу, кесу, шөбінен тазалау, науқан кезінде алма жинау сынды жұмыстарды атқарамыз. Бұрыннан осы алмалы бақтарда еңбек еткен соң бұл жұмыс бізге таңсық емес. Содан болар сүйікті ісімізге айналып отыр. Ал басшылық тарапынан еңбекақымызды уақытылы төлеу әрдайым назарда болып келеді. Ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған осындай азаматтарға алғысымыз шексіз. Қазір қойма салынып, енді қыс айларында да жұмыс болып отыр. Бұл қуантарлық жағдай, – дейді серіктестік жұмысшысы Мейрамкүл Қанаева.

Осы орайда, салынып жатқан қойма турасында аз-кем айта кетсек. Алма бақ жанынан серіктестік үлкен қойма құрылысын бастап, қазір сол қоймада қызу жұмыстар жүргізілуде. 500 мың тоннаға дейін алманы сақтай алатын қоймада ерекше экожүйе болады. Яғни, алманы қажетті температурада ұстап, тіпті вакумдық әдіс те қолданылады. Бұл өнімді ұзақ әрі сапалы етіп сақтауға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар ол жерде техникаларды жөндеу орындары, жұмысшыларға арналған кеңсе және тағы басқалар орналаспақ.

Серіктестік басшылығы өнімді жинайтын жұмысшылардың жұмысын барынша жеңілдетуге тырысқан. Басқа шаруашылықтарда жұмысшылар жиналған өнімді жәшіктерге салып, бақтан қолмен тасып шығарса, бұл бақта пластмасса тарадан тұратын тіркемесі бар арнайы көлік құралымен тасымалданады. Жәшіктер толғаннан кейін жүргізуші өнімді қоймаға апарады. Ал қоймада ары қарай сұрыптау, өңдеу сынды жұмыстар жалғасатын болады.

«Азия Сад» өзіне қажетті техникамен де қамтамасыз етілген. Тракторлар мен экскаватор және басқа да бақ жұмысын жандандыратын құрылғылар жеткілікті. Ең бастысы – еңбек ету, дамыту. Ал, жақын арада бұл жақтан алманың иісі аңқитын болады.