Жедел эвакуация – қауіпсіздік кепілі
Меркі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі мен Меркі ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері «Қуаныш» сауда орталығында жоспарлы өрт-тактикалық сабақ өткізді. Сабақтың негізгі мақсаты – нысандағы қызметкерлер мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда жедел әрі дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру.
Жаттығу барысында өрт сөндірушілер шартты өрт ошағын тез әрі тиімді оқшаулау тәжірибесін көрсетті. Сонымен қатар, қызметкерлер мен сауда орталығы персоналы қауіпсіз аймаққа эвакуацияланып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін тәжірибе жүзінде орындады. Бұл жаттығу арқылы қатысушылар төтенше жағдайларда қорқынышсыз әрекет етуді, адамдардың өмірін сақтауды үйренді.
Өрт сөндірушілер нысанның апаттық шығу жолдарын, өрт гидранттарының және су көздерінің дайындық деңгейін тексерді. Мамандардың айтуынша, мұндай жаттығулар кез келген қоғамдық нысандағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
№9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Айдар Құрманов «Жаттығулар тек өрт сөндіру техникасын меңгеруге ғана емес, сонымен қатар қызметкерлер мен келушілерді төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге үйретеді. Алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жаттықтыру өмірді сақтаудың ең басты құралдарының бірі», – деп атап өтті.
Сауда орталығы қызметкерлері де сабақтан алған әсерлерін бөлісті. Олар эвакуация тәртібі мен өрт қауіпсіздігі шараларын өз көздерімен көріп, практикалық жаттығулардың маңызды екенін жеткізді. «Енді біз төтенше жағдай орын алса, не істеу керегін нақты білеміз және өзімізді де, келушілерді де қауіпсіз эвакуациялай аламыз», – деді сауда орталығы қызметкерлерінің бірі.
Меркі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі осындай өрт-тактикалық сабақтарды жыл бойы жүйелі түрде өткізіп, аудандағы барлық қоғамдық және сауда нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.