Колледж студенттерінің кәсіби шеберліктері сыналды

0 3

Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында облысымыздағы мамандандырылған колледждердің студенттері арасында «World Skills Zhambyl-2026» облыстық кәсіби шеберлік жарысы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт-құтқару спортын дамытуды үйлестірушісі Мақсұт Есполов қатысты.

Жарыста облыстың алты колледжінен келген командалар сайыска түсті. Студенттер бірнеше тапсырма бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсету, жауынгерлік киім кию, өрт сөндіру мұнарасына көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақпен жүгіру және биіктіктен зардап шегушіні құтқару. Әр тапсырма командалардан ептілік, жылдамдық пен дәлдік, сондай-ақ күш пен табандылық талап етті.

Сайыс барысында студенттер командалық рухты сақтап қана қоймай, патриоттық сезімдерін де арттыра білді. Мақсұт Есполов жастардың кәсіби дайындығын жоғары бағалап, олардың бұл саладағы шеберліктерін шыңдау үшін мұндай жарыстардың маңыздылығын атап өтті. «Өрттен құтқару спорты тек физикалық дайындықты ғана емес, сонымен бірге жауапкершілік пен батылдықты да қажет етеді. Осындай жарыстар жастарға өмірлік маңызды дағдыларды үйретіп, оларды маман ретінде шыңдауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кету керек, бұл жарыс Жамбыл облысында жылына бір рет өткізілетін дәстүрлі іс-шара болып табылады. Оған қатысу – студенттер үшін өз мүмкіндіктерін сынау, жаңа тәжірибе алу және кәсіби дағдыларын жетілдірудің таптырмас мүмкіндігі.

Жарыс соңында қатысушылар мен жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осындай іс-шаралар студенттердің болашақ мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, өрт сөндіру және құтқару спортын дамытуға да елеулі үлес қосатыны айқын байқалды.

Облыстық мамандандырылған колледждердің студенттері арасындағы «World Skills Zhambyl-2026» кәсіби шеберлік жарысы жастардың кәсіби дайындығын шыңдайтын, патриоттық тәрбие беретін және командалық рухты арттыратын маңызды алаңға айналып отыр.