Ұстаздық пен омарташылықты ұштастырған жан
Қай кезде де адал еңбек адамды биікке бастайды. Әсіресе, негізгі кәсібімен қатар қосымша шаруаны дөңгелетіп отырған жандар көпке үлгі. Сондай азаматтардың бірі – Байзақ ауданындағы Бурыл орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Есен Абдулғазиев. Ұстаздық қызметпен қатар омарташылықты серік еткен ол ара шаруашылығымен отыз жылдан бері айналысып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жұмысшы мамандықтарын дәріптеу мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша тоқталған болатын. Соның ішінде ара шаруашылығын өркендету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағыт бүгінде ауыл тұрғындары үшін табыс көзіне айналып келеді.
Есен Абдулғазиевтің айтуынша, омарташылыққа қызығушылығы тоқырау жылдарында басталған. Көршісі әрі әріптесі болған тарих пәнінің мұғалімі Иван Праваторов оған бал арасын баптаудың қыр-сырын үйретіп, осы кәсіпке баулыған. Содан бері ұстаз ара шаруашылығын үзбей дамытып келеді.
– Негізгі мамандығым – мұғалім. Мектепте отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Шәкірт тәрбиелеп, спорт саласында да біраз жетістікке жеттік. Ал омарташылық – отбасы кәсібіне айналған сүйікті ісім. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді. Араға күтім жасамасаң, өнім де болмайды, – дейді ол.
Бүгінде Есен ағаның шаруашылығында жиырмаға жуық ара ұясы бар. Жаз мезгілінде омарталарын арнайы көлікпен Қаратау мен Алатау бөктеріндегі гүлді алқаптарға апарып, табиғи бал жинауға қолайлы жағдай жасайды. Бұл істе оған жұбайы мен ұлдары көмек көрсетеді. Ал қыс түскенде араларды жылы орында ұстап, қажетті қорекпен қамтамасыз етеді.
Омарташы өндірген өнімін Тараз қаласындағы жәрмеңкелер мен сауда орындарына шығарып, тұрақты тұтынушыларын қалыптастырған. Оның айтуынша, табиғи балға сұраныс жыл сайын артып келеді.
Соңғы жылдары елімізде ара шаруашылығына қолдау күшейіп, жас омарташыларға түрлі жеңілдіктер мен субсидиялар қарастырылуда. Бұл сала ауыл тұрғындары үшін тиімді кәсіптің біріне айналып отыр.
– «Бұл қазақтың кәсібі емес» деген пікірмен келіспеймін. Ең бастысы – ниет пен еңбек. Қандай істі де үйренуге болады. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Сондықтан жастар ауылшаруашылығындағы кәсіптерден қашпау керек, – дейді Есен Абдулғазиев.
Ұстаздық пен еңбекқорлықты қатар алып жүрген омарташының ісі – көпке өнеге. Осындай жандардың еңбегі ауыл экономикасының дамуына да оң әсерін тигізері анық.