Білім ордасындағы сақтық сыналды

0 5

Тараз қаласындағы «Cambridge Line School» білім беру мекемесінде өрт-тактикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібі пысықталды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылар мен мектеп ұжымының қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жедел қызметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіру.

Жаттығу сценарийіне сәйкес, мектептің бірінші қабатындағы мәжіліс залында электр желісінің қысқа тұйықталуынан шартты өрт шыққаны хабарланды. Соның салдарынан ғимарат ішін қою түтін басып, жоғарғы қабаттарға таралу қаупі туындаған.

Дабыл берілген сәттен бастап мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжым оқушыларды қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстарын жедел жүргізді. Сонымен қатар алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану тәсілдері көрсетіліп, төтенше жағдай кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі түсіндірілді.

Оқу-жаттығуға өрт сөндіру бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы және медицина қызметкерлері қатысты. Мамандар шартты өрт ошағын оқшаулап, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету әрекеттерін тәжірибе жүзінде көрсетті.

Мамандардың айтуынша, мұндай тәжірибелік шаралар адамдардың төтенше жағдай кезіндегі дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын түсіндіруге мүмкіндік береді.