Жауапты қызметтің жүгін абыроймен арқалап келеді

0 6

Жамбыл өңірінде ел қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандар аз емес. Солардың бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділжан Нұрланұлы.

Жас болса да жауапты қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген маман өрт сөндіру саласында кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп келеді. Ол 2023 жылы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын туған өңірінде жалғастыруды жөн санаған.

Бүгінде Құлан ауылындағы өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарып жүрген Әділжан төтенше жағдай кезінде шұғыл шешім қабылдай білетін білікті маман ретінде танылып үлгерді. Әсіресе, 2025 жылы Құмарық ауылында орын алған тұрғын үй өртінде оның кәсіби дайындығы мен батыл әрекеті айқын көрінді. Өрт орнына жедел жеткен қарауыл бастығы жеке құрамның жұмысын тиімді үйлестіріп, тілсіз жаудың өршуіне жол бермеді. Соның нәтижесінде ірі көлемдегі материалдық шығынның алдын алып, жақын маңдағы нысандар мен үй жануарларын аман сақтап қалуға мүмкіндік туған.

Әріптестері оның сабырлылығы мен жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Қауіпті сәтте суырылып алға шығатын жас маман өз ісіне адалдығымен көпке үлгі.

Әділжан Нұрланұлы қызметпен қатар спортты да серік еткен жан. Ол грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер атанып, түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Бұл оның тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани және ерік-жігер жағынан да мықты екенін аңғартады.

Ел тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген мұндай жастар – қоғамның сенімі мен тірегі. Қандай жағдайда да антқа адал болуды басты қағидасына айналдырған Әділжан секілді мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.