Шу өңірінде қос спорт кешені ашылды

0 5

Шу ауданында тұрғындардың игілігіне арналған екі заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл – өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың нақты көрінісі. Жаңа нысандар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынып, аудан жастары мен тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік ашып отыр.

Алғашқы кешен Шу қаласындағы «Қант қызылшасы» шағын ауданында бой көтерді. «Жігер» спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа нысанның аймақтың әлеуметтік дамуына қосылған маңызды үлес екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кешендер жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

Ангар үлгісінде салынған спорт нысанында футбол, волейбол және баскетболмен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар кешеннің іске қосылуы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да серпін берілді.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қор тарапынан өңірлердегі әлеуметтік жобаларға ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Әулиеата өңірінде миллиардтаған теңгені құрайтын әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, ауыл-аймақтардағы инфрақұрылымды дамыту.

Іс-шара барысында спорт ардагерлері де жаңа кешендердің маңызына тоқталып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мұндай орталықтардың тигізер пайдасы зор екенін айтты. Ардагерлер игі іске атсалысқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Аудандағы игілікті іс мұнымен шектелген жоқ. Бірлік ауылында да жаңа «Самғау» спорт кешені ашылып, ауыл тұрғындарына есігін айқара ашты. Бұған дейін ауылдағы саябақ қайта жаңғыртылып, спорт алаңшалары салынған болатын. Енді жаңа кешеннің іске қосылуы ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр.

Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында бірқатар өндірістік және инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен де танысты. Атап айтқанда, жүгері өңдеуге бағытталған ірі зауыт құрылысы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағындағы инфрақұрылымдық жұмыстар назарға алынды. Сонымен бірге өңір басшысы экологиялық бастамаларды қолдап, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ағаш отырғызу шарасына қатысты.

Шу ауданында бой көтерген жаңа спорт кешендері – халық денсаулығын нығайтуға, жастарды бұқаралық спортқа тартуға және ауыл-аймақтың әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.