Жамбыл облысында отыз екінші «Жас сақшы» сыныбы ашылды

0 7

Тараз қаласындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектепте кезекті «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары Данияр Әзімов, мектеп әкімшілігі, оқушылар және ата-аналар қатысты.

Салтанатты жиын барысында «Жас сақшы» сыныбының оқушылары ант қабылдап, оларға арнайы куәліктер мен естелік сыйлықтар табысталды.

— Бұл ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасы аясында Жамбыл облысында ашылған 32-ші мектеп. Аталмыш жоба – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетін арттыруға және полиция қызметіне қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама, – деп атап өтті Данияр Әзімов.

Іс-шара соңында қатысушылар жас сақшыларға ізгі тілектерін білдіріп, еркін форматтағы әңгімелесу алаңына жалғасты. Оқушылар полиция қызметкерлеріне көкейдегі сауалдарын жолдап, болашақ мақсаттарымен бөлісті.