Отыз жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман
Бүгінде адал еңбегімен абырой биігінен көрініп жүрген жандар қоғам дамуына зор үлес қосып келеді. Солардың бірі – аудан орталығындағы «Ali-ko Sut – 2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас технологы Татьяна Жуковская.
Сүт өндірісі саласында отыз жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман табиғи өнім дайындаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Кәсіпорында өндірілетін өнім сапасын бақылау, технологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету – оның негізгі міндеті. Көп жылғы тәжірибе мен үздіксіз ізденістің нәтижесінде ол ірімшік өндірудің түрлі әдістерін игеріп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға елеулі үлес қосып келеді. Сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби қалыптасуына қолдау көрсетуде.
Татьяна Александровна 1978 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Мектеп-гимназияны аяқтаған соң еңбек жолын ауданның ірі сүт зауыттарының бірінде қарапайым жұмысшы ретінде бастайды. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында технолог дәрежесіне дейін көтерілді. 2015 жылы біліктілігін арттыру мақсатында Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майлыкент ауылындағы «Майлыкент-сүт» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады.
Қазіргі уақытта «Ali-ko Sut – 2023» ЖШС-да бас технолог қызметін атқарып жүрген ол шетелдік тәжірибені де меңгерген. Беларусь елінде кәсіби білімін жетілдіріп, сүт өндірісіндегі зертханалық бақылау жүйесін, ірімшік дайындаудың заманауи технологияларын және қышқыл сүт өнімдерін өндіруде ашытқыларды тиімді пайдалану тәсілдерін үйреніп қайтқан. Бұл тәжірибе серіктестіктің өндірістік әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізді.
– Өнім сапасы ең алдымен шикізатқа байланысты. Ірімшік өндірісінде сүттің сапасы, температуралық режим, ферменттердің нақты мөлшері мен пісу уақыты қатаң сақталуы тиіс. Технолог ретінде сүт қабылдаудан бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізгенге дейінгі барлық кезеңге жауаптымын, – дейді ол.
Бас технолог санитарлық талаптардың орындалуын, өнімнің белгіленген стандарттарға сәйкестігін үнемі бақылауда ұстайды. Жас мамандарды үйретуді де азаматтық парызы санайды.
Еңбегі еленіп, Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – оның көп жылғы тынымсыз еңбегіне берілген жоғары баға.
– Президент қолынан алған марапат – мен үшін зор құрмет. Бір салада табанды еңбек еткен жанға көрсетілген сенім ерекше күш-қуат береді, – дейді Татьяна Жуковская.
Әріптестері оны кәсібилігі, байсалдылығы және әділ талапшылдығы үшін ерекше құрметтейді. Технолог мамандығын өмірлік таңдауы деп санайтын Татьяна Александровнаның адал еңбегі мен ісіне деген сүйіспеншілігі өндірілген өнім сапасынан айқын көрініс табуда.