Президент «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысына Қордың биыл атқарған жұмысының нәтижелері туралы мәлімет берілді. Нұрлан Жақыпов Қор тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар екенін айтты. Соның ішінде осы жылы CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт-тық күн электр стансасы және Кендірлі елді мекенінде су тұшытатын зауыт салу жобалары жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Президентке Жетісу облысындағы 84 елді мекенге көгілдір отын жеткізетін Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбырының, Ақтаудағы контейнер хабы мен Алматыдағы Zhetysu логистикалық терминалының, сондай-ақ Sany Re компаниясымен бірлесе жел генераторларына арналған қондырғылар шығаратын зауыттың іске қосылғаны жөнінде мәлімет берілді.
Нұрлан Жақыпов берген мәліметке сәйкес, биыл 10 айдың ішінде «Самұрық-Энерго» АҚ сағатына 31 миллиард кВт электр энергиясын өндірді. Бұл Қазақстандағы жалпы өндірістің 31 пайызын құрайды. «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына кіретін электр стансаларының қуаты 7845 МВт-қа жетті.
2023-2025 жылдар аралығында әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылық шараларына 1,5 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржы медициналық нысандарға, сондай-ақ 55 оңалту орталығының, 31 инклюзия кабинетінің, 18 спорт кешенінің, мәдени және білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалды. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 5,8 миллион түп тал егілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының отандық бизнесті өркендетуге қатысты бастамалары туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы Қор жұмысының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру және ұлттық активтердің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.