Ұлт жүрегіндегі қаһарман
Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияда еліміздің айбынды перзенті, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету, ерлігін ұлықтау арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында «Елі ұлықтаған ер Ғазиз» атты еске алу жиыны өтті.
Оған облыстық «Желтоқсан 86» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Исмаил Ходжимуратов, Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлер» аймақтық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Сейітхан Қуантаев, зейнеткер майор Махамед Сәлібеков, батырдың әріптесі Тұрар Тоқсанбаев, Тараз қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әміребек Жақсыбаев, сондай-ақ «Капитан Байтасов» фильмінің режиссері Дәурен Қамшыбаев, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Еске алу жиыны мектеп ауласындағы «Ерлікке тағзым» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Оқушылар мен ұстаздар, қонақтар батыр рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шара барысында «Елі ұлықтаған ер Ғазиз» атты ерлік сабағы өткізіліп, батырдың өмір жолы мен қызметі, ерлігі туралы тағылымды естеліктер айтылды. Қатысушылар Ғазиз Байтасовтың ел үшін жасаған ерлік қадамы – өшпес өнеге екенін ерекше атап өтті. Ғазиз Байтасов 2011 жылы террорлық әрекетке тосқауыл қойып, қаскөйді гранатамен бірге өз денесімен жапқан еді. Сол арқылы ол бейбіт халықтың өмірін сақтап қалды. Бұл – нағыз батырлық пен жанқиярлықтың үлгісі.
«Ерлік пен батырлық – жүректе және мінезде. Ғазиз Байтасовтың ерлігі – нағыз отаншылдықтың символы. Ол өз өмірін құрбан етіп, талай адамның тағдырын сақтап қалды», – деп атап өтті Исмайл Хаджимуратов.
Кездесуде спикерлер батыр туралы өз естеліктерімен бөлісіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Жастарды ел қорғаған ерлердің ерлігін ұмытпай, Отанға адал қызмет етуге шақырды.