Негізгі салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткізілді

0 6

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде Қордай ауданының әкімі Б.Болатбеков 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісті.

Әкімнің айтуынша, есепті кезеңде Қордай ауданының негізгі салаларында оң көрсеткіштерге қол жеткізілген. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 32,9 миллиард теңгені құрап, индексі 122,6 пайызды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 31,7 миллиард теңгеге жетіп, орындалу деңгейі 74,1 пайыз болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 41,8 миллиард теңгеге жетіп, 166,2 пайызға артқан. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 46,9 мың шаршы метрді құрап, 104,2 пайыз көрсеткішке жетті. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 48,2 миллиард теңгені құрап, жоспар толық орындалды. Жалпы алғанда бюджеттік қаражаттардың игерілуі 94,2 пайыз болды.

Б.Болатбековтің айтуынша, биыл аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Қордай ауылында 144 пәтерлі тұрғын үйдің кілті иелеріне табысталды. Үлкен Сұлутөр ауылында дәрігерлік амбулатория мен 90 орынды мәдениет үйі ашылды. Ал Қайнар ауылында 3800 гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін қысымды су құбыры іске қосылды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қаракемер және Қарасу ауылдарында жаңа мектептер оқушыларға есігін айқара ашты.

Қазіргі таңда ауданның 41 елді мекенінің 37-сі немесе 90,2 пайызы табиғи газбен қамтылған. 2025 жылы Керу ауылына газ желісі тартылып, тұрғын үйлер қосылды. Қалған елді мекендерде (Бел, Мұзбел, Аңырақай, Бәйтерек) жобалау жұмыстары аяқталып, қолдау тапқан жағдайда құрылыс басталмақ. Әкімнің айтуынша, елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту бағытында да ауқымды істер атқарылуда. Жалпы құны 8,6 миллиард теңгеге он елді мекенде ауызсу жүйелерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда үш елді мекенде су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, он елді мекенге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, келешекте іске асырылмақ.

Игерілмеген жерлерді қайтару бойынша жүйелі жұмыстар да өз жалғасын табуда екен. Жоспарланған 11 мың гектардың 4 313 гектары мемлекеттік қорға қайтарылса, пайдаланылмай жатқан 12 552 гектар жерге қатысты құжаттар жер инспекциясына жолданған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда екен. Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде, ал Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсететін жаңа емхана пайдалануға берілген.

– 2019 жылдан бастап пилоттық режимде жүзеге асып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға елеулі үлес қосуда. Жоба аясында ауданда 3,3 миллиард теңгеге 6 315 бас ірі қара, 11 845 бас қой және 386 бас жылқы сатып алынды. Сондай-ақ 7 өндірістік кооперативке 27 техника мен құрал-жабдық беріліп, 61 жоба 441,6 миллион теңге көлемінде қаржыландырылды. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік берді, – деді аудан әкімі.

Қорытындылай келе, Б.Болатбеков Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты қарқынмен жалғасып келе жатқанын атап өтті. «Халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді орындау жолында бірлесе еңбек етіп, Қордайдың өркендеуіне өз үлесімізді қоса береміз», – деп түйіндеді аудан басшысы.

Брифинг соңында журналистер спикерге өз сұрақтарын қойып, толыққанды әрі мазмұнды жауап алды.