Ассамблея жұмысы жаңа серпінмен жалғасады

0 7

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Ассамблея белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан аймақ басшысы қатысушыларды алда келе жатқан Республика күні мерекесімен құттықтап, ел бірлігі мен ынтымағының маңыздылығын атап өтті.

– Бұл айтулы күн – мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің бастауы болған ұлттық мереке. Республика күні – елдің жаңа даму кезеңіне батыл қадам басқанын айғақтайтын, бірлік пен тұрақтылықтың символы. Сондай-ақ биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы да кең көлемде аталып өтуде, – деді Ербол Қарашөкеев.

Аймақ басшысының айтуынша, мерейтой аясында облыста қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған 771 іс-шара өткізіліп, 75 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Бұл – өңір халқының белсенді азаматтық ұстанымының және ортақ іске деген жауапкершілігінің көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның XXXIV сессиясында атап өткендей, Ассамблея елдің ішкі саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді. Осы бағытта Жамбыл облысында бүгінде 87 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуда. Ал, 78 этномәдени бірлестік халықтар достығы мен келісімнің алтын діңгегіне айналған.

Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өңірде жаңа бастамалар қолға алынуда. Кәсіпорындарда Еңбеккерлер Ассамблеялары құрылып, олар еңбек ұжымдарында ерікті өкілдер ретінде қоғамдық келісім мен ынтымақты нығайту бағытында жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ аймақта инфрақұрылымдық жобалар да іске асырылуда. Атап айтқанда, Қордай ауданында бой көтеретін жаңа Достық үйі этномәдени бірлестіктердің орталығы ғана емес, жастар мен зиялы қауым бас қосатын рухани алаңға айналмақ. Ал, Тараз қаласындағы облыстық Достық үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар алдағы жылы өтетін «Достастық жәрмеңкесі» аясында өз жалғасын табады.

– Этностар арасындағы келісім мен аймақтағы тұрақты дамудың негізгі факторы – Ассамблея бастамаларының жүйелі түрде жүзеге асырылуында. Бірлік пен бейбіт өмір – жай ұран емес, ол күн сайын еңбекті, қамқорлықты және ашық диалогты талап ететін құндылық. Сондықтан Ассамблея жұмысы бұдан әрі де жаңа серпінмен жалғасып, ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты нығайтатын басты күш болып қала береді, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында этносаралық келісімге үлес қосқан бірқатар азамат марапатқа ие болды. Оларға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, Құрмет грамоталары және Алғысхаттар табысталды.

Кеңейтілген кеңесте облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Гулам Умаров, ғылыми-сараптамалық топ төрағасы Махметғали Сарыбеков, татар-башқұрт бірлестігінің төрайымы Фарида Нақыш, неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Гибнер сөз алып, өз бағыттарындағы жұмыстар туралы баяндады.

Кеңейтілген отырыс соңында жиынға қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.