Көкпар: «Әулие-ата» командасы 15-рет ел чемпионы атанды

0 9

4-11 қазан аралығында Шымкент қаласында көкпардан ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасының XXIV чемпионатында жерлестеріміз топ жарды.

Чемпионатта еліміздің әр шалғайынан келген 15 команда, 180 көкпаршы төрт топқа бөлініп, жеті күн сынға түсті. Әр топтан іріктеліп шыққан командалар жартылай кезеңде, одан үздік шыққандар финалда бақ сынасты. Финалда облысымыздың «Әулиеата» командасы мен Шымкент қаласының құрамасы кездесті. Тартысты сайыста жерлестеріміз шебер ойын өрнегін көрсетіп, ел чемпионы атанса, шымкенттік көкпаршылар күміс жүлдені қанжығаларына байлады. Үздік үштікті Астана қаласының командасы түйіндеді.

Осылайша, облысымыздың «Әулие-ата» командасы өз рекордын жаңартып, Қазақстанның 15-ші дүркін чемпионы атанып отыр.

Ел чемпионаты аясында үздік ойыншы, үздік жекпе-жек ат, үздік шабуылшы ат, үздік қорғаушы ат аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Осы аталымдар ішінде жамбылдық Нұрқасқа үздік шабуылшы ат атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен арнайы кубоктар табысталды.

Ересектер арасындағы ел чемпионатын «Көкпар» федерациясы, Туризм және спорт министрлігі және Шымкент қаласының әкімдігі Самұрық-Қазына әл-ауқат қорының демеушілігімен ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.