Жамбыл филармониясының өнер керуені жалғасуда

0 27

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаровтың қатысуымен брифинг өтті. Онда өнер ордасының 2025 жылдың ІІ жартыжылдығындағы концерттік қызметі мен алдағы жоспарлары баяндалды.

Филармонияның негізгі мақсаты – ұлттық өнерді сақтау, дамыту және өскелең ұрпаққа жеткізу арқылы өңір тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру. Бұл бағытта облыстық филармония ауқымды жобалар жүзеге асырып, аймақтың мәдени имиджін республикалық және халықаралық деңгейде танытып келеді.

Жандос Әскербекұлының айтуынша, филармония бүгінде жеті шығармашылық ұжымды біріктіріп отыр. Атап айтқанда: Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Жамбыл» және «Тараз» триолары, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» би ансамблі мен «Балауса» цирк ұжымы. Сонымен қатар, эстрадалық, академиялық және дәстүрлі бағытта өнер көрсететін жеке әртістердің де қатары мол.

Филармонияда жалпы 223 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде 150-ге жуық әртіс бар, басым бөлігі – жоғары білімді мамандар. Мәдениет саласының үздіктері мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері де баршылық. Биылғы жылы мекеменің жалпы бюджеті 946 миллион теңгеден асып отыр. Бұл қаржының негізгі бөлігі жалақы, іссапарлар, құрал-жабдықтар мен мәдени іс-шараларды қамтуға бағытталған.

Биылғы жартыжылдықта 188 концерт өткізіліп, 48 522 көрермен қамтылған. Оның ішінде ақылы концерттер – 35, ал жоспардан тыс іс-шаралар – 153. Ауыл-аймақта, балаларға, әлеуметтік осал топтарға арналған қайырымдылық концерттер де жүйелі түрде ұйымдастырылған. Шетелдегі өнер сапарлары да назардан тыс қалмапты. Мәселен, жергілікті өнерпаздар биыл Италия, Жапония және Франция сахналарында ұлттық мәдениетімізді танытып қайтты.

– Филармония ұжымының халықаралық деңгейдегі жетістіктері өңіріміздің мәдени әлеуетін айғақтайды. Жуырда Германияның Саарбрюккен, Берлин қалаларында «Қазақстан – құтты мекенім» атты концерт өтеді. Сондай-ақ Алматы, Шымкент қалалары мен бірнеше облыста гастрольдік сапарлар жоспарланып отыр, – деді Жандос Омаров.

Мекеме ұжымы түрлі республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдерде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен, «Ақкербез» би ансамблі Түркістанда өткен кәсіби би ұжымдары байқауында І орынды жеңіп алса, әртіс Дидар Басықараев бірнеше байқауда жүлдегер атанды. Сонымен қатар, «Жамбыл» триосы, «Балауса» циркі, Құрмаш Қуанышбаев сынды әртістер теле-радио жобалар арқылы да өнерлерін паш етіп жүр.

Айта кетерлік жобалардың бірі – Ұлттық домбыра күніне орай шығарылған Қазақ халық аспаптар оркестрінің «Әулиеата әуендері» атты плейлисті. Жаңа туындыларды қамтыған бұл жоба өнерсүйер қауым тарапынан жылы қабылданды.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға спикер нақты әрі тұшымды жауап берді. Әңгіме барысында шығармашылық ұжымдардың кәсіби дайындығы, жастарды қолдау, мәдениетті цифрландыру, сондай-ақ шетелдік әріптестік туралы мәселелер қозғалды.

– Ұлттық өнер – ұлттың жаны. Біз өнер арқылы ұрпақтың рухани кеңістігін кеңейтіп, мәдени кодын сақтап қалуға күш салуымыз керек. Бұл – біздің басты миссиямыз, – деді Жандос Әскербекұлы.

Филармония жұмысына облыс әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауы жоғары деңгейде көрсетілуде. Өнер ұжымдарының ерен еңбегі мемлекеттік және қоғамдық марапаттармен лайықты бағалануда. Бұл – бір жағынан, сенім, екінші жағынан, жауапкершілік.