«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасады
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарын айқындап берді. Жолдауда көтерілген мәселелер мен бастамалардың барлығы қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты екенін және елдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын ерекше атап өткен жөн.
Президенттің ең алдымен әлеуметтік әділеттілікке, халық табысын арттыруға және қоғамдағы теңдікті қамтамасыз етуге басымдық беруі – мемлекеттің халық алдындағы басты міндетінің орындалып жатқанын көрсетеді. Әсіресе, білім беру жүйесін жетілдіру, жас ұрпаққа сапалы білім беру, денсаулық сақтау саласын қолдау мен заманауи медициналық қызметтерді дамытуға арналған тапсырмалары – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Сондай-ақ ауылшаруашылығын дамыту, өңірлердің әлеуетін көтеру, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы нақты тапсырмалар ел экономикасын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Бұл ретте ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға баса назар аударылды.
Президент атап өткен тағы бір маңызды мәселе – елімізде әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге қатысты реформалар. Бұл бағыттар мемлекеттің тұрақтылығын сақтап қана қоймай, халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға негіз болады.
Мемлекет басшысы Жолдауында азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. «Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті. Осы ретте «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек. Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды. Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда айтылған бастамалардың барлығы да халықтың ойынан шықты деп айта аламыз. Бұл құжат – Қазақстанның алдағы дамуына жол ашатын стратегиялық бағдар. Бізге жүктелген міндет – осы Жолдаудағы тапсырмаларды орындап, ел болашағы үшін бірлесіп еңбек ету.
Жаңа Жолдау – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ол еліміздің дамуына серпін беріп қана қоймай, әрбір қазақстандықтың өміріне оң өзгеріс әкелетініне сенім мол.