Жүйелі жұмыстар жалғасуда

0 7

«Ауыл – ел бесігі» жобасы 2019 жылдан бастап аймақта кең ауқымда іске асып келеді. Осы жылдар аралығында облысымызда жалпы құны 68,3 миллиард теңге болатын 957 жоба қаржыландырылып, 186 ауылдық елді мекен қамтылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 37 спорттық-сауықтыру кешені, 17 мектепке және 3 емханаға жапсарлас ғимарат, 16 денсаулық сақтау нысаны, 27 мәдениет үйі салынды.

Сонымен бірге, 2 әлеуметтік нысан қайта жаңғыртудан өтті. Ал, инженерлік-коммуналдық бағытта 3 елді мекен электрмен жабдықталды, 2 көше бойынша газ тартылды, 4 ауылдың су құбыры жаңғыртылды, 23 білім нысанының қазандығы газға қосылды. Бұдан бөлек 48 білім беру, 16 денсаулық сақтау, 24 мәдениет, 7 спорт нысаны күрделі жөндеуден өтті. Жалпы 856 шақырым жол, 24 көше жарығы, 2 көшенің су құбыры желісі орташа жөндеуден өткізілді.

Жамбыл өңірінде ауыл инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мемлекет қолдауымен жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ірі жобалар қолға алынуда.

Биыл облыс бойынша 71 елді мекенде жалпы құны 15,3 миллиард теңгені құрайтын 111 жоба жүзеге асырылады. Бұл ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Аталған жобалар аясында бір денсаулық сақтау нысанының, 8 мәдениет үйінің, 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 7 мектепке жапсарлас ғимараттар салу және 5 білім нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Ауылішілік жолдарды жақсарту мақсатында 79 жобаның аясында орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда.

Бір ғана Қордай ауданында ауылдық инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындар өмірінің сапасын арттыру мақсатында 12 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйі салынуда, Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені бой көтеруде. Сортөбе ауылында бір ауысымда 200 адамға қызмет көрсете алатын емхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аудан бойынша жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекеттік қолдаумен іске асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы – шалғайдағы ауылдардың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам. Жоба аясындағы жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жастарға қолайлы инфрақұрылым мен сапалы білім, медицина, мәдени қызмет алуға мүмкіндік беруде.