Меркі дамудың жаңа кезеңінде

0 6

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың айтуынша, өнеркәсіп саласында осы жылдың бірінші жарты жылдығында 4762,2 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 119,5 пайызға жоғарылаған. Оның ішінде, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 63,9 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 85,6 пайызды құрады.

Ал, өңдеу өнеркәсібінде 4069 миллион теңгенің өнімі өндіріліп отыр. Бұл салада нақты көлем 115 пайызға жетіп, тұрақты өсім байқалды.

– Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында алдымызға қойған міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс істеудеміз. Жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәселен, елді мекендерді электр энергиясымен жабдықтау саласында 498,2 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 173,2 пайызды құрады. Бұл – ең жоғары өсім көрсеткен сала. Ал, сумен жабдықтау және су бұру саласында 131,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем 121,2 пайыз болды. Ауылшаруашылығы саласында 3779,4 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем көрсеткіші 102,3 пайызға жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылдың осы кезеңінде ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 3796,4 миллион теңгені құраған болатын.

Егін шаруашылығы: техника жаңартылуда

– Биыл ауданда ауылшаруашылығы саласында бірқатар ілгерілеуге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жалпы 89160 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 4133 гектарға артты. Жалпы алғанда күздік бидай – 29137, арпа – 24988, жоңышқа – 24250,7, мақсары – 1583,4, жүгері – 480,3, көкөніс – 721,3, бақша өнімдері – 171,7, қант қызылшасы – 3523, картоп – 172,9 гектарға орналастырылды, – дейді Ербол Жиенқұлов.

Сондай-ақ ауданда ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да атқарылған жұмыстар баршылық. Атап айтсақ, 2023 жылы 158 техника алынып, жаңару көрсеткіші 13,5 пайызды құраса, 2024 жылы 176 техника сатып алынып, жаңару деңгейі 15 пайызға жеткен. Ал, биыл 50 ауылшаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланса, қазіргі таңда оның 23-і алынып, жоспардың 46 пайызы орындалыпты.

Ендігі кезекте ауданның алдында тұрған міндет ауылшаруашылығы алқаптарына су үнемдеу технологиясын енгізу. Жалпы су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өткен жылға арналған жоспарында 1690 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізу көзделсе, былтыр 705 гектарға су жеткізіліп, жоспар 41,7 пайызға орындалған. Ал биыл 1733 гектарға заманауи су үнемдеу әдістерін енгізу жоспарланып, ол толық орындалып отыр.

Облыстағы элиталы тұқым шаруашылығы Меркі ауданының Сұрат ауылдық округінде орналасқан. Жоғары сұрыпты тұқым шығарумен «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып келеді. Өткен жылы серіктестік 271 гектар алқапқа арпаның «Арна» сортын және 786 гектарға күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортын сепкен болатын. Аталған алқаптардан жоғары сапалы тұқым өнімі алынды.

Атап айтқанда, арпаның «Арна» сортынан 30 тонна «супер» элиталы, 250 тонна элиталы және 150 тонна бірінші репродукциялы тұқым өндірілген. Ал, күздік бидайдың «Стекловидный-24» сортынан 30 тонна «супер» элиталы, 300 тонна элиталы және 900 тонна бірінші репродукциялы тұқым алыныпты. Биыл серіктестікте тұқым шаруашылығы бағыты бойынша жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.

Биыл арпаның «Арна» сорты 246, күздік бидайдың «Стекловидный-24» сорты 643 гектар алқапқа орналастырылған. Бөлшек сауда айналымы да ауданда жақсара түскен. Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бері ауданда бөлшек сауда айналымының көлемі 5695,4 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1 пайызды құрап, сауда саласында тұрақты өсім бар екенін көрсеткен.

Мал шаруашылығы: 163 тонна қой еті экспортталды

Сол сияқты ауданда мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім байқалады.

Жыл басынан бері мүйізді ірі қара 40671, ұсақ мал – 265263 басқа, жылқы – 18573 басқа жетсе, үй құсы 40898 басты құраған. Оның ішінде, асыл тұқымды мүйізді ірі қара 6747 басқа жетіп, жалпы мүйізді ірі қара үлесінің 16,6 пайызын құрап отыр.

Асыл тұқымды ұсақ мал саны 39957 басқа жетіп, жалпы ұсақ малдың 15,2 пайызын құраса, асыл тұқымды жылқы саны 256 басқа жеткен. Мал басының өсімі ет-сүт өнімінің артуына сеп болған. Атап айтсақ, биыл 2033,2 тонна ет өндірілсе, сүт өндірісі 5204,4 тоннаны құраған. Ауданнан шетелге ет экспорты да жүзеге асырылуда.

«Меркі-ет комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың бірінші жарты жылдығында Иран, Кувейт, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне 163 тонна қой етін экспорттаған. Ал, сүт өнімдерін өңдеу бойынша, ауданда 1 ірі кәсіпорын және 16 шағын ірімшік цехы жұмыс істеуде.

«Меркі ірімшік зауыты» бүгінге дейін 1 215,9 тонна сүт қабылдап, терең өңдеуден өткізсе, шағын цехтар 1500 тонна сүт өңделген.

Инвестиция: 18 жоба жүзеге асырылады

Ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артып келеді. Аудан әкімінің айтуынша, жыл басынан бүгінге дейін салынған инвестиция 6 миллиард 994,6 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 120,9 пайыз құраған. «Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бар екенін білдіреді. 2024 жылдың осы мерзімінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5697 миллион теңге болған еді.

Аталған инвестиция көлемінің құрылымына тоқталсақ, биыл бюджеттік қаражат есебінен – 745,4 миллион теңге инвестиция салынса, жеке және қарыз қаражаты есебінен – 6 миллиард 249,2 миллион теңге инвестиция тартылды. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 6394,2 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 208,2 пайызды көрсетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсімді білдіреді.

Атап айтқанда, өткен жылдың осы мерзімінде құрылыс жұмыстарының көлемі 3031,5 миллион теңге болған Сонымен қатар, 2025 жылдың алғашқы төрт айында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 14300 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,7 пайызды құрап отыр.

Қазіргі уақытта әлеуметтік осал топтарға арналған 108 пәтерді беру жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 60 пәтердің құрылысын аяқтау жоспарлануда», – дейді аудан басшысы.

– Мемлекет басшысының басты тапсырмаларының бірі – инвестиция тарту. Осы бағытта да бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Мәселен, еліміздің негізгі тіршілік көзі – ауылшаруашылығы саласы бойынша, Меркі ауданында жалпы құны 29,9 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобалардың нәтижесінде 165 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жобалар мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, тамшылатып суару, өнім сақтау қоймаларын салу және қайта өңдеу бағыттарын қамтиды. Мал шаруашылығына қатысты ірі жобалардың қатарында «Қайсар» шаруа қожалығының сүт тауарлы фермасы бар. Жоба құны 2,5 миллиард теңге, іске асыру мерзімі – 2025 жылдың IV тоқсаны. Сондай-ақ, «Нұр Б» және «Талко» шаруа қожалықтары тарапынан бордақылау алаңдары іске қосылады. «Мерагро ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі бағытта – 5000 басқа арналған мал репродукторы мен бордақылау алаңын қатар қолға алады. Бұл жобалардың әрқайсысының құны 4 миллиард теңгені құрайды. Құс шаруашылығында да ірі жоба көзделіп отыр. «TAU Decor» ЖШС нің құс өнімдерін өндіру кешені 15,3 миллиард теңгеге бағаланып, жылына 9,5 мың тонна өнім өндіруге бағытталған. Бұл кешен 350 адамды жұмыспен қамтиды. Жобаның толық іске асырылу мерзімі – 2025-2026 жылдар аралығы. Өсімдік шаруашылығы бойынша айтар болсам, «Балабек» шаруа қожалығы алма бағы жобасын, ал «Мәулен» шаруа қожалығы суару жүйесі жобасын жүзеге асырады. Сонымен қатар, бірнеше шаруа қожалықтары, атап айтқанда «Райымбек-Е», «Сыпатай батыр», «СПК Даму Сұрат», «Талапкер» ШҚ-ы тамшылатып суару технологияларын енгізеді. Бұл жобалар өнімділікті арттыруға бағытталған. Ал, ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу бағытында да бірқатар маңызды жобалар жоспарланған. Мәселен, «СПК Даму Сұрат» және «Береке Дәст» ЖШС-тері қуаттылығы 1000 тонна болатын заманауи көкөніс пен жеміс сақтау қоймаларын салуды көздеп отыр. Сондай-ақ «СПК Даму Сұрат» серіктестігі құрғақ жоңышқаны дайындау және тазалау цехын да іске қоспақ. Су тапшылығы мен климаттық өзгерістерге байланысты су ресурстарын үнемді пайдалану да басты назарда. Осы мақсатта «Нұр-Р» ШҚ қуаты 86 гектарды құрайтын ұңғыма қазу жобасын жүзеге асырады. Жалпы, жоғарыда аталған жобалар ауданның аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім сапасын жақсарту және ауыл экономикасын көтеру бағытында маңызды рөл атқарады. Жоспарланған барлық жобалар сәтті жүзеге асса, ауылшаруашылығы саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деп күтілуде, – дейді Ербол Жиенқұлов.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Жалпы ауданда көлемі 1,6 миллиард теңгені құрайтын 189 жоба бойынша несие алуға ниет білдірілген. Меркі ауданынан 840,7 миллион теңгеге бағаланған 104 жоба толық құжаттарын тапсырып, қазіргі таңда қаржыландыруды күтуде. Аудан әкімінің сөзінше, 2025 жылға аудан бойынша 72 жоба өткізу межесі бекітілген.

Бүгінгі күнге дейін 409,4 миллион теңгеге бағаланған 51 жоба қаржыландырылып, іске асырылуда. Қаржыландырылған жобалар қатарында демалыс кешені, кондитерлік цех, саңырауқұлақ өсіру, техникалық қызмет көрсету орталығы (ТЖО), робототехника кабинеті және басқа да бағыттар қамтылған.

Туризм: шаңғы курортының құрылысы басталмақ

Меркі ауданының басты ерекшеліктерінің бірі – туризм. Осы саланы дамыту мақсатында, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, Меркі тау шатқалында орналасқан «Меркі радон» шипажайының таза ауызсу жүйесін жаңарту мақсатында «Бизнесті қолдау жол картасы» бағдарламасы аясында 63,2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылған.

– Туризм саласына инвестиция тарту бағытында биыл Меркі ауданында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда туризм инфрақұрылымын дамыту мен жол бойындағы сервистік қызмет көрсету нысандарын салу бойынша жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар тартылды. Атап айтқанда, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы «Алматы – Ташкент» республикалық автомагистралі бойында жол бойында сервистік нысанның құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150 миллион теңге. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 16 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Ал, «Меркі» шипажайының аумағында жобалық құны 50 миллион теңгені құрайтын «Визит-орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысанда Меркі ауданында өндірілетін өнімдер сатылады. Құрылыс аяқталғаннан кейін 8 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, «Меркі» тау шатқалында демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Жобаның құны – 300 миллион теңге. Құрылысты осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін 10 адам жұмыспен қамтылады. Тау шатқалы аумағында екі бірдей форель шаруашылығының құрылысы жүргізілуде. Жалпы жоба құны – 700 миллион теңге. Құрылыс биыл аяқталады. Нысан іске қосылған соң 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Сұрат ауылы маңындағы тау шатқалында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кәсіпкер жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын демалыс орнын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында форель шаруашылығы, глемпинг, жазғы бассейн, монша мен жылқы баптау орындарын ашу көзделген. Сонымен қатар, 2026 жылы инвесторлар 12 миллиард теңгеге шаңғы курортының құрылысын бастамақ ниетте. Бұдан бөлек, «Алматы-Ташкент» республикалық автомагистралі бойында екі жерде («Royal Petrol») жанар-жағармай құю бекеттерінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, сол автомагистраль бойында қонақ үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 700 миллион теңге. Құрылыс аяқталғаннан кейін 31 бөлмелі қонақ үй және 40 орындық қоғамдық тамақтану орны пайдалануға берілетін болады. Ал, жеке кәсіпкер «Рублевка» тарапынан аталмыш автомагистраль бойында жол сервистік нысан салынып жатыр. Жоба құны – 500 миллион теңге. Аталған жобалар аудандағы туристік инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға және аудан экономикасын жандандыруға елеулі үлес қосары сөзсіз, – дейді Ербол Жиенқұлов.

Әлеуметтік сала: тиісті жұмыстар атқарылуда

Бұдан бөлек, аудан көлемінде биыл әлеуметтік-экономикалық дамудың түрлі салаларын қамтитын 57 жоба жүзеге асыру көзделген. Бұл мақсатқа жалпы 4 миллиард 529 миллион теңге бөлінген. Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі күні Гранитогорск ауылындағы мектеп-интернатқа жапсарлас, 75 орынды асхана құрылысы басталған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша екі маңызды жобаға 88,6 миллион теңге бөлініп, аудандық ауруханаға қабылдау бөлімшесін қайта жаңғырту және «КТ» аппаратын орнату жоспарланған. Т.Рысқұлов, Қостоған және Беларық ауылдық клубтарын ағымдағы жөндеуге 22,1 миллион теңге қаралған.

– Ауызсу мәселесі аудан үшін басты басымдықтардың бірі саналады. Биыл елді мекендердегі ауызсу инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 1 миллиард 70,7 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, Жамбыл ауылында таза ауызсу жүйесін қайта жаңартуға 333,3 миллион теңге бөлінсе, Ақтоған ауылына 348,8 миллион теңге қарастырылып отыр. Ақарал ауылында таза ауызсу құбырын жаңарту жұмыстарына 95,9 миллион, Кеңес ауылына 230,6 миллион теңге, ал Чалдовар ауылында ауызсу жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізуге 62 миллион теңге бөлінді, – дейді аудан басшысы.

Жол жөндеу мен абаттандыру бойынша да ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бар. Соның бірі – аудан тұрғындарының көп жылдан бері сұрап келген Ойтал ауылы, Меркі бекетіндегі темір жолға жаяу жүргіншілер көпірі биыл шешім таппақ. Көпір құрылысына 496,7 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұдан бөлек, ғимарат сатып алу және жөндеу бойынша төрт жобаға қажетті 743,7 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде аудандық полиция ғимараты, Кеңес ауылдық округі әкімдігі, көпқабатты тұрғын үй және мұрағат ғимараттары бар.

Әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үй сатып алуға – 411,7 миллион теңге қаралған. Ал, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары аясында 16 жоба қамтылып, 602,7 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылуда екен.