«Көккөлдегі» көңілді кеш
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні «Салық тәртібі» газеті ЖШС құрамындағы бірқатар басылымдардың ұжымы – «Меркі тынысы», «Талас тынысы», «Мойынқұм таңы» және «Әулиеата» газеттерінің журналистері Меркі ауданындағы «Көккөл» демалыс аймағында бас қосты.
Іс-шараның мақсаты – тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтау, олардың табиғат аясында тынығуына, өзара пікір алмасуына жағдай жасау. Табиғаты көркем, жанға жайлы «Көккөл» демалыс орнына жиналған қалам ұстаған қауым күнібойы тынығып, шығармашылық шабыттарын шыңдады. Журналистер таза ауада серуендеп, спорттық ойындар ойнап, табиғат аясында емен-жарқын әңгіме құрды. Бұл басқосу әріптестік байланысты нығайтып қана қоймай, шығармашылық серпін де берді.
Мереке иелерін ұжым басшылығы мен редакция жетекшілері құттықтап, еңбектеріне табыс пен шығармашылықтарына шабыт тіледі.
Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің басын қосқан мұндай бейресми форматтағы кездесулер – ұжымдағы бірлікті арттырудың, ортақ мәселелерді талқылаудың тиімді жолы. Алдағы уақытта да мұндай шаралар дәстүрлі түрде жалғасын табатын болады.