Құланда қой ұрлаған күдікті қолға түсті
Тұрар Рысқұлов ауданында мал ұрлығы дерегі тіркеліп, полицейлер жедел әрекет нәтижесінде күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға «Талды» жайылымында орналасқан шаруашылықта болған. Шаруашылық басшысы иелігіндегі 16 бас ұсақ малды (қой мен қозы) белгісіз біреулердің жасырын түрде қолды еткенін айтып, полицияға арызданған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы – «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары 33 жастағы ауыл тұрғынын күдікті ретінде анықтап, ұстап отыр. Қазіргі таңда ұрланған малға қатысты заттай айғақтарды тәркілеу жұмыстары жүргізілуде.
Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Таникеевтің айтуынша, мұндай қылмыстардың орын алуына көбіне мал иелерінің салғырттығы себеп.
– Мал иелері көп жағдайда малдарын қараусыз қалдырады, таңбаламайды, жайылымды ұйымдастырмайды. Салдарынан ұрлықтың нақты уақытын анықтау қиынға соғады. Мұндай жағдайлар қылмысты дәлелдеуді күрделендіріп, ашу мерзімін ұзартады, – дейді ол.
Осыған байланысты облыстық полиция департаменті азаматтарға төрт түлік малдың қауіпсіздігіне жіті қарауды, малды қараусыз жайылымға шығармауды және жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарлауды ескертеді. Қылмысты “ізін суытпай” ашу уақтылы берілген ақпаратқа тікелей байланысты. Бір сәттік салғырттық қайтарымсыз шығынға әкеп соқпас үшін, мал ұрлығына жол бермеу – әр шаруа үшін үлкен жауапкершілік.