Есірткіге қарсылықтарын би арқылы жеткізді
Тараз қаласында жастар би өнері арқылы саламатты өмір салтын дәріптеп, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосты. Оқушылар сарайында «Көшенің тынысы – есірткіге қарсы» атты V қалалық заманауи би фестивалі өтті. Аталған іс-шараны облыс Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Оқушылар сарайы және «Елу жылда – Ел жаңа» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл жолғы фестиваль бұрынғысынан өзгерек болды. Өнер додасы жай ғана би жарысы емес, жастарды біріктіретін, ойландыратын, ортақ мақсатқа жетелейтін алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – жастардың назарын есірткіге тәуелділіктің қауіптілігіне аудару және шығармашылық арқылы оларды дұрыс өмір салтына баулу.
Биылғы байқауға қаланың әртүрлі би студияларынан 19 команда қатысып, көше биінің сан алуан стильдерінде өнер көрсетті. Сахнада шынайы энергетика, еркін қозғалыс, ішкі ой мен сезім үндестігі байқалды. Жастар өз өнері арқылы тек қимыл ғана емес, айтар ойларын да жеткізе білді.
Фестивальге әр команда үлкен дайындықпен келіп, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Қазылар алқасы бишілердің орындаушылық шеберлігіне, сахналық бейнелеуіне және композициялық шешімдеріне баға берді. Нәтижесінде Оқушылар сарайының «Ритмосфера kids» тобы, сондай-ақ «South Style» және «Bronx» командалары Гран-при иегерлері атанды. І орын – «Fly Girls» (Оқушылар сарайы) және «Ateam» (DL студиясы). ІІ орын – «Energy Girl’s» (Оқушылар сарайы) және «Bronx». ІІІ орын – «Ритмосфера» (Оқушылар сарайы) және «Eclips» (DL студиясы). Жеңімпаздар мен қатысушылар диплом, кубок және түрлі естелік сыйлықтармен марапатталды.
Фестиваль би өнерін ұлықтап қана қоймай, жастардың уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне жол ашты. Ең бастысы – олар есірткіге қарсы үн қосып, өнер арқылы өмірге деген құштарлықтарын паш етті.