Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды

0 2

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Тараз қаласында Кеңес Одағының Батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды.

Мәдениет ошағының ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және өңір тұрғындары қатысты.

Көрмеге Бауыржан Момышұлының балалық шағы, әскери қызметі, отбасы жайлы тың деректер, жеке заттары мен құжаттары қойылған. Қонақтар мұражайды аралап, тау тұлғаның өмір жолы мен қаһармандық бейнесін, сондай-ақ соғыс жылдарындағы ерлік шежіресін тамашалады.

Мұнда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына батырдың өзі тарту еткен жеке маузері, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылышы, сондай-ақ сирек кітаптары мен фотосуреттері де қойылған.

Сонымен қатар, бейбіт күндері киген киімдері мен ыдыс-аяқтары – күміс қасықтар, ағаш тостағандар, қымыз шөміші, шай ішетін ыдыстар мен домбырасы көрмеге ерекше мазмұн беріп тұр. Батырдың өзі ойған өрнектерден тұратын альбом, Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық пен өзге де марапаттау құжаттары да экспозициядан орын алған.

Көрменің бірегей жәдігерлерінің бірі – Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарына алғаш шақырылған 1932 жылы және запасқа шығып, елге оралған 1956 жылы өзімен бірге болған чемодан мен соғыс кезіндегі батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф.

Сондай-ақ көрмеден батыр киген шинель, етік, папаха, маузер қаруы және шығармашылыққа бет бұрған кезеңіндегі 70-тен астам қолөнер туындылары – оюланған фигуралар ұсынылған.