Облысымызда екі ірі жел электр стансасы салынады

0 2

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиында жалпы қуаты 2 ГВт болатын екі ірі жел электр стансасы салынатындығы туралы айтылды.

Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндама жасады. Бүгінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру үшін 6 бағытта жұмыс атқарылуда. Аймақта жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істеуде. Оның ішінде 6 су электр стансасы, 10 жел электр стансасы және 6 күн электр стансасы бар. Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр стансасы іске қосылды. Сонымен қатар, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр стансасын қосымша 20 МВт-қа кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын екі ірі жобаны іске асыру көзделуде. Оның бірін «Masdar» (БАӘ) компаниясы жүзеге асырады. Компания Сарысу және Талас аудандарында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салмақ. Жоба құны 742,0 миллиард теңгені құрайды. Жел электр стансасы мен жобалау-іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастап, 2029 жылы стансаны іске қосуды көздеп отыр.

Ал, екіншісі — «Total Eren» ЖШС жүргізетін қуаты 1 ГВт жел электр стансасы. Мойынқұм ауданында жүзеге асқалы отырған жобаға 1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда серіктестікке 52 мың гектар жер учаскесі бөлінген. Жаңартылатын энергия көзі 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жиын соңында аймақ басшысы энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту өзекті мәселе екенін алға тартты. Тұрғындар мен өнеркәсіп кәсіпорындарын энергиямен үздіксіз қамтамасыз етуді, энергетика саласына инвестициялар тарту шараларын назардан тыс қалдырмауды ескертті.