Бағдарламалардың жүзеге асырылу жайы қаралды

0 4

Amanat партиясы облыстық филиалының жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға бақылау комиссиясының мүшелері мен қала әкімдігіне қарасты бөлімдердің өкілдері қатысты.

Жиында Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы жайы қаралып, комиссия мүшелері жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы хабарлама жасады.

Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев қалада атқарылып жатқан жобалардың барысы туралы толық мәлімет берді. Жалпы, қала бойынша Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес 2024 жылға белгіленген 43 көрсеткіштің 35-і орындалып, 8 көрсеткіш орындалмаған. Орындалған көрсеткіштер арасында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер арасында меморандумдар жасасу, жұмысқа орналастыру, жаңа туристік маршруттарды әзірлеу сияқты маңызды шаралар бар. Ал, тұрғын алабтарында жеке үй салу үшін жер телімдерін беру, білім беру нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік осал топтарға гранттар беру бойынша бірқатар көрсеткіш орындалмағандығы белгілі болды.

Жиын соңында бақылау комиссиясының мүшелері тиісті мекемелерге партияның сайлауалды бағдарламасы аясында көзделген межелерді орындау бойынша ұсыныстарын жеткізді.