Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйелі жүргізілуде

0 5

Сыбайлас жемқорлық – кез келген елді түп тамырымен жоюға қауқары жететін қоғамдық індет. Қазіргі таңда біздің еліміздің негізгі саяси бағыттарының бірі – осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу. Еліміздің әр өңірінде бұл мәселе бойынша жауапты мамандар бақылау қызметтерін уақытылы атқаруда. Бірақ, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек мемлекеттік органдар мен билік өкілдерінің ғана міндеті емес, ол бүкіл қоғамды құраушы адамдардың да міндеті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту барысында 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша аудандық комиссияның 4 отырысы өткізілді. Комиссия отырыстарында Мойынқұм ауданында мұқтаж азаматтарды тұрғын үйге кезекке қою, жер учаскесін беру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, жұмыссыздарды жұмыспен қамту салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және комиссияның тоқсандық жұмысының қорытындылары қаралып, хаттамалар мен жұмыстардың орындалуы тұрақты қадағаланып отырады.

Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру мақсатында аудан әкімінің ресми сайтында (htpp:moinkum. zhambyl.kz) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» атты жеке бөлім ашылған. Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ауданда атқарылған жұмыстар туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аудандық комиссияның жұмысы туралы», «Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуы», «Өзіңнен баста» акциясы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия және заңнамалар» атты 5 тараудан тұрады. Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер осы бөлімге енгізілуде.

Аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде арнайы «Жемқорлық жегі құрт», «Қоғам дерті» айдарлары ашылған. Бүгінгі таңға 26 материал жарияланып отыр. Сонымен қатар, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» бойынша аудан әкімдігінің бөлімдері мен білім мекемелерінде, орталық кітапханада бюджеттерінің электронды нұсқасы сайттарда жарияланып отырады. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» (www.publicbudget.kz) енгізілгеннен бері бұл интернет ресурс мемлекеттік мекемелердің бюджеттерінің орындалуы туралы ақпаратты орналастыру, азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеу жұмыстары бойынша өз нәтижесін беруде. Аудан аумағында «Біздің міндет халыққа қызмет» және «Жемқорлық фактілерімен кездескен жағдайда», «Парақорлық – балалардың арманын ұрлау», «Парасыз қоғам – ұлт болашағы» тақырыптарында 23 баннер орналастырылған. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданындағы мемлекеттік органдар ғимараттарында және халық көп шоғырланатын орындарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 153 ақпараттық жадынама орналастырылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды күшейту бойынша оқыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің 15 мемлекеттік қызметшісінің біліктілігі арттырылып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын іске асыру шеңберінде Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін одан әрі жетілдіру бойынша 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бірқатар жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, аудан әкімдігіне қарасты бөлім қызметкерлеріне, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне Әдеп Кодексін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау бойынша жұмысты ұйымдастыруды жақсарту және лауазымдық міндеттерді орындау сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшілердің оң иммиджін қалыптастыру бағытында 87 түсіндірме жұмысы, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен 50 жеке және заңды тұлғаға консультативтік көмек көрсету жұмыстары жүргізілді.

Ұжымдарда қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, моральдық-психологиялық ахуалды мониторингілеу мақсатында тоқсан сайын сауалнама алынуда. Сауалнама қорытындысын зерделеу барысында ұжымдарда психологиялық ахуалдың қалыпты екені анықталды. 2024 жылы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуының бір дерегі орын алып, тәртіптік шара қолданылды.

Қорыта айтқанда, қоғамдағы бұл келеңсіздікті жоюды әр азамат өзінен бастап, елі үшін өзін жауапты тұлға ретінде сезінсе, ақпарат көздері сыбайлас жемқорлықтың зардабын қарқынды түрде насихаттаса, мемлекеттік қызметшілер халықтың жағдайын жақсартуға тырысса, заң шығарушы орган сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыстары үшін жазаның одан әрі қатаңдайтынын ашық көрсетсе, елімізде бұл дерт деңгейі азайып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны өсетін еді.