Ұрпаққа рух, зиялыға мінбер болған журнал
Сүйінші! Cалмақты сараптамалар мен бай мазмұнды қамтыған республикалық журнал жарыққа шықты.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Tekturmas» республикалық журналының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Пернебай Дүйсенбин мен «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, драматург Елен Әлімжан және өңірдің бірқатар зиялы оқырмандары қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары Серік Жақсылықұлы қазақтың бай тарихы мен рухани мұрасын дәріптеу жолында жарық көріп отырған «Тектұрмас» журналының мән-маңызына кеңірек тоқталды.
– Бұл журнал – бабалар аманатына адалдықтың, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін парасат мінберінің бірі боларына сенеміз. Журналдың мақсаты – ұлт тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, ұлттық болмыс пен заманауи ой-толғамдарды ұрпақ санасына сіңіру. Бұл бағытта еңбек етіп жатқан шығармашылық ұжымға алғысымды білдіремін. «Тектұрмас» журналы – Жамбыл өңірінің рухани тынысын кеңейтіп, ел ішіндегі дарынды қаламгерлерге, жас зерттеушілер мен өнер иелеріне жаңа мүмкіндіктер ашатын алаң. Аймақтың тарихи-мәдени келбетін кең көлемде насихаттау арқылы журнал өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар, бұл басылым – жастар мен зиялы қауым арасындағы байланысты нығайтып, бүгінгі рухани сұраныс пен тарихи сабақтастықты жалғайтын алтын көпірге айналмақ. Сондықтан «Тектұрмас» – бір өңірдің ғана емес, барша қазақ руханиятының ортақ мұрасы, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Жаңа журналдың арқалайтын жүгі, атқаратын қызметі, айтатын сөзі, алдағы жоспары туралы баяндаған «Aulieata-media» серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлы «Tekturmas» журналдың жарық көруіне орай ақжарма шынайы лебізін білдіргендерге өз ризашылығын білдірді.
– «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген. Қалың оқырманға жол тартқалы тұрған жаңа журналдың «Tekturmas» атын алуы да тегін емес. Ағыны да, арыны да қатты Талас өзенінің сағасында, Ұлы Жібек жолының бойында менмұндалап тұрған тарихи жәдігер – өткеннен өнеге іздеген өскелең ұрпаққа таптырмас темірқазық. Дәл сол секілді кешегісіне қайырылып, бүгінгісін бағамдап, сол арқылы болашағын барлай білген қоғам үшін – бұл журналдың маңызы орасан зор деп білеміз.
Оқырман аудиториясы кең, барлық бағытты қамтыған төл басылымның жарыққа шығуын аса зор ықыласпен қабылдап, қоғамдық-саяси маңызын терең түсініп, еліміздің түпкір-түпкірінен ақжарма лебізін жолдап жатқан зиялы қауымның қатары қалың. Бұл – өз кезегінде біздің «Aulieata-media» серіктестігіне үлкен сенім жүгін жүктейді, – деді медиахолдинг басшысы.
Рухани басқосуда жаңа журналдың тұсауын салтанатты түрде Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы мен драматург Елен Әбдуатұлы және жазушы Пернебай Дүйсенбин кесті.
Ендеше Маржан Рақай редакторлық ететін жаңа журналға алдағы уақытта оқырманның іздегені табылып, рухани шөлін басатын, жанын сусататын журналы болғай деп тілейміз!