Асқақ ұстап жүреміз біз атыңды
Биыл Желтоқсан көтерілісінің батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 59 жыл толып отыр. Осыған орай, Бірлік ауылында батырдың рухына тағзым ету мақсатында бірқатар тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шаралар аудан басшылығы, ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындарының қатысуымен Бірлік ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Батыр рухына Құран бағышталды. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйлеп, Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы мен Қайрат Рысқұлбековтің ерлігіне тоқталды.
– Қайраттың батылдығы мен ерлігі – ұрпаққа үлгі. Оның тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық ісі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі іс-шара – жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, – деді Мейірхан Төлеулиев.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін іс-шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Мектеп оқушылары әдеби-танымдық кеш ұйымдастырып, бастауыш сыныптарда патриоттық тәрбие сағаттары өтті.
Аудан басшылығы мен қонақтар мектептегі Қайрат Рысқұлбековке арналған мұражайды аралап, батырдың өмірі мен Желтоқсан көтерілісіндегі ерлігіне қатысты құнды деректермен танысты. Мұражайда Қайраттың студенттік жылдары, Желтоқсан көтерілісіндегі батырлық жолы және оған қатысты архивтік материалдар қойылған.
– Қайрат Рысқұлбеков – нағыз батыр. Оның тәуелсіздік жолындағы ерлігі әрдайым жүрегімізде сақталады. Бүгінгі іс-шара бізді рухтандырып, тарихымызды тереңірек тануға жетелейді, – дейді Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Әсел Ернарқызы.
Бұл тағылымды іс-шара – еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандардың ерлігін ұлықтау және олардың есімін мәңгі есте сақтау жолындағы игі бастамалардың бірі. Қайрат Рысқұлбековтің ерлігі – ел жадында мәңгілік сақталатын рухани құндылық.