Биыл жиырма елді мекенге ауызсу тартылады
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде елді мекендерді ауызсумен қамту мәселесі талқыланды.
Бұл бойынша Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады. Оның айтуынша жыл басында ауызсумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші халық санымен қалаларда 98 пайызды (523,7 мың адам), ауылдық елді мекендерде 97,8 пайызды (676,9 мың адам) құрады. Бүгінде тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмеген 24 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалаларындағы 9 тұрғын алқап қалып отыр.
Биыл 20 елді мекенге ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізу, сондай-ақ халық саны аз болуына байланысты Мойынқұм, Меркі, Қордай аудандарына қарасты төрт ауылға жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Тоғыз тұрғын алқапты орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін барлық елді мекен 100 пайыз ауызсумен қамтылуы тиіс. Осыған орай, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет, – деген Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне ауызсу жобаларының мерзімінде әрі сапалы аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Жобалардың құжаттары мен қаржыландыру мәселесі де дер кезінде шешілуі қажет екенін ескертті.
Бұдан бөлек, басқосуда орындаушылық тәртіп, облыс әкімінің Талас ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда жауаптыларға берген тапсырмаларының орындалу барысы сараланды.